Coursera Қазақстанды білімдегі өзгерістер көшбасшысы деп таныды

Coursera платформасының жыл сайынғы халықаралық конференциясы аясында Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Learning Hero атты беделді халықаралық марапатқа ие болды.
Бұл марапат цифрлық технологияларды ұлттық деңгейде ілгерілетіп, білім беру саласын жаңғыртуға үлес қосқан көшбасшыларға беріледі.
Coursera платформасы батыл шешім қабылдайтын, стратегиялық ойлайтын және онлайн білімді ел көлемінде енгізуге жетекшілік ететін тұлғаларды атап өтеді.
Бүгінде Қазақстан цифрлық білім беру саласында ең ірі және тиімді бағдарламалардың бірін жүзеге асырып отыр. Қазақ студенттері Coursera платформасы арқылы 350 мыңнан астам сертификат алған. Бірқатар курстар қазақ тіліне аударылып, онлайн оқу бағдарламалары еліміздің университеттерінің оқу жоспарларына белсенді түрде енгізілуде. Сонымен қатар негізгі цифрлық ресурстар барлық жоғары оқу орындарының студенттеріне қолжетімді болды.
Бұл жүйелі өзгерістер Қазақстанды білім беру саласында инновациялық тәсілдерді сәтті енгізіп, жаһандық цифрлық үрдістерге бейімделіп жатқан ел ретінде танытады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


