Түркі әлемі тарихына жаңа көзқарас

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Түркі әлемінің тарихы» атты ІІ халықаралық жиын өтті.
Мақсат – түркі әлемінің ортақ тарихи мұрасын терең зерттеу, тарихи және мәдени байланыстарды нығайту, ғылыми ақпарат алмасу және болашақта ынтымақтастықты кеңейту.
Шараға Халықаралық түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Түрік тарихи қоғамының президенті, профессор Юксел Өзген, Қазақстаннан Түркі мемлекеттері ұйымының ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстан ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, сарапшылар, тарихшылар жиналды.
Жиынды ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, аталған шара түркі елдерінің ортақ тарихын жаңаша бағытта зерттеуге жол ашатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Түркі әлемі – біздің ортақ үйіміз. Біз тарихи тамырларымызға, ортақ тіліміз бен мәдениетімізге сүйене отырып, болашаққа бірге қадам басуымыз керек», – деп атап өткен болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түркі елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ерекше басымдық береді. Университетіміз Түркиядағы 36, Қырғызстандағы 14, Өзбекстандағы 24 және Әзірбайжандағы 10-нан астам жоғары оқу орнымен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Осы ынтымақтастықтың нәтижесінде жүздеген студент пен жас ғалым білім алып, ортақ ғылыми жобаларға қатысып келді», – деді ректор.
Өз кезегінде Халықаралық түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев: «Бұл жиын түркі әлемінің ортақ тарихи және мәдени мұраларын зерттеуде жаңа серпін береді. Бүгінгі таңда түркі халықтарының тарихын терең әрі жан-жақты зерттеу тек ғылым үшін ғана емес, сонымен қатар біздің ортақ рухани бірлігімізді нығайту үшін аса маңызды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткізіліп отырған бұл халықаралық жиын еліміздегі және аймақтағы ғылыми қауымдастықтың бірлігін, ынтымақтастығын көрсететін жарқын үлгі», – деді.
Сонымен қатар қатысушылар өз баяндамаларында түркі халықтарының тарихы, мәдениеті мен дәстүрлеріне қатысты маңызды мәселелерді талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


