ҚазҰУ экостартапы жоғары бағаланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары әзірлеген «Kaz-REEcycling» стартап-жобасы халықаралық Cleantech Days 2025 форумында жоғары бағаланды. Жоба медицина және денсаулық сақтау факультеті мен химия және химиялық технология факультетінің бірлескен жұмысының нәтижесі.
Форум Ыстамбұл қаласында өтіп, оған 16 елден 20 стартап-команда қатысты. ҚазҰУ стартапы финалға шыққан сегіз үздік жоба қатарына енді. «Kaz-REEcycling» жобасы «Парниктік газдардың әсері» номинациясында арнайы марапатқа ие болды.
Жоба Cleantech халықаралық платформасы тарапынан экологияға теріс әсерді азайтуға қосқан үлесі мен инновациялық шешімі үшін жоғары бағаға ие болды. Сонымен қатар бұл стартап Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустриялар орталығының үздік жобалары қатарына енді.
2024 жылдың тамызынан қараша айына дейін стартаптың негізін қалаушы Гүлсара Ақанова БҰҰ жанындағы UNIDO ұйымдастырған «жасыл» стартаптарға арналған GCIP (Global Cleantech Innovation Program) акселерациялық бағдарламасына қатысты. 2024 жылдың желтоқсанында Астанада өткен GCIP-Kazakhstan ұлттық кезеңінде стартап жеңімпаз атанып, Women Leadership Award сыйлығы мен 3 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Осы жетістіктер командаға жаһандық кезеңге өтуге мүмкіндік берді.
Cleantech Days форумының мақсаты – тұрақты инновациялар саласындағы сарапшыларды, таза технологиялар бойынша стартаптарды және «жасыл» трансформация көшбасшыларын біріктіру.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


