Шанхай университеттерімен байланыс артудаFarabi University

Шанхай университеттерімен байланыс артуда

13 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қытай Халық Республикасынан келген үш беделді жоғары оқу орны – Шанхай ғылым және технология университеті, Шанхай халықаралық бизнес және экономика университеті, сондай-ақ Шанхай ұйымы елдерінің (ШОС) Тауар-экономикалық институты делегацияларымен кездесу өтті.

Тараптар жоғары білім, ғылым және мәдениетаралық өзара әрекеттестік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Қытай делегациясы құрамында жетекші тұлғалар – ШОС Тауар-экономикалық институтының ректоры Чжэн Ши, Шанхай ғылым және технология университеті Басқару институтының директоры Чжао Лайцзюнь, Шанхай халықаралық бизнес және экономика университеті Инновациялық кәсіпкерлік институтының директоры Гао Вэй болды.

Басқосуда ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов университеттің білім беру инфрақұрылымындағы Қытаймен бірлескен бірқатар маңызды жобаларды атап өтті. Мәселен, ҚазҰУ-да Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы табысты жұмыс істейді. Сонымен қатар Жерді қашықтықтан зондтау орталығы қызметі аясында Қытайдың СУАР Экология және география институтымен бірлескен «Қытай-қазақ бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану» зертханасы, Нанкин ғылым және технология университетімен бірлескен «Энергияны көп қажет ететін нанотехнологиялар бойынша халықаралық қытай-қазақ ғылыми зертханасы» және Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлескен «5G/5.5G коммуникациялық технологиялар зертханасы» ашылған.

Қонақтар өз кезегінде екіжақты тиімді ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдіріп, алдағы уақытта аймақтық және жаһандық ғылым мен білім саласындағы өзара табысты жобаларды бірлесіп жүзеге асыру ниетін жеткізді. Олар болашақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен даму мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ кездесу барысында ҚазҰУ мен ШОС Тауар-экономикалық институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдениетаралық байланыстарды кеңейтуге бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі