Сангмён университетімен серіктестік байланыс нығая түсудеFarabi University

Сангмён университетімен серіктестік байланыс нығая түсуде

16 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Оңтүстік Кореяның Сангмён университеті делегациясымен жүздесті. Кездесуде академиялық және ғылыми ынтымақтастық бағыттары кеңінен талқыланды.

Бірінші проректор қонақтарға алдымен ҚазҰУ-дың жетекші зерттеу университеті ретіндегі мәртебесі туралы мәлімет берді. Университеттің инфрақұрылымына 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты және 140-тан астам ғылыми-зерттеу орталықтары мен лабораториялары кіреді. ҚазҰУ 60 корейлік жоғары оқу орындары мен ұйымдарымен, оның ішінде Сеул ұлттық университеті, Каннам университеті, Пусан шет тілдері университеті, Донгук, Ёнсе, Кукмин университеттерімен серіктестік байланыс орнатқан. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қазақстандағы шығыс тілдерін жетік меңгерген мамандар даярлайтын негізгі орталық болып табылады және университетте Халықаралық шығыстану орталығы сәтті жұмыс істейді.

Өз кезегінде Сангмён университетінің ректоры Хон Сонгтэ 1937 жылы құрылған және Сеул мен Чхонан қалаларында екі кампусы бар Оңтүстік Кореяның жеке университеті туралы айтып өтті. Университет гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары, бизнес және өнер салаларындағы мықты бағдарламаларымен, белсенді халықаралық қызметімен және білім беру жобаларын тұрақты дамытуымен танымал.

«ҚазҰУ-мен ынтымақтастығымыз екі елдің докторанттары мен жас ғалымдарына жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз корей және қазақстандық мамандардың әлеуетін жоғары бағалаймыз және бірлескен білім беру мен ғылыми жобаларды дамытуға ниеттіміз», – деді құрметті қонақ.

Кездесу білім мен ғылым саласындағы серіктестік мүмкіндіктерін нығайтуға бағытталған ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасумен аяқталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі