ҚазҰУ ғалымдары жүрек-қан тамырлары ауруының алдын алуға арналған платформа жасап шығардыFarabi University

ҚазҰУ ғалымдары жүрек-қан тамырлары ауруының алдын алуға арналған платформа жасап шығарды

18 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жүрек-қан тамырлары ауруының қауіптілігін ерте анықтауға мүмкіндік беретін «Zhurek AI» платформасын әзірледі. Жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін платформа адамның жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі ауытқуларды дер кезінде анықтап, оның қауіптілік деңгейін автоматты түрде бағалай алады. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге септігін тигізеді.

Пайдаланушы платформаға PDF форматындағы қан талдауының нәтижесін жүктеп, арнайы дайындалған сауалнамадан өтеді. Кейін жүйе барлық ақпаратты жылдам өңдеп, тәуекелдерді шығарып береді. Нәтиже қорытындысында адам өміріне қауіпті жағдай болса, науқасқа бірден дәрігерге жүгіну ұсынылады.

Платформа жұмысы күрделі алгоритмнен тұрады. Ол диагностиканың және тәуекелдерді жіктеудің жоғары дәлдігін қамтамасыз ететін терең нейрондық желілер (DNNs) мен үлкен тірек векторларының әдісінен (Large-margin SVMs) тұрады.

«Аталған жобаның басты артықшылығы – жылдамдығында. Екіншіден, дәлдігінде. «Zhurek AI» мыңдаған нақты медициналық деректер негізінде әзірленді, сондықтан ол кейде дәрігерлер байқамай қалатын жасырын ауытқуларды да көре алады. Бұл ерте диагностика үшін өте маңызды», – дейді ҚазҰУ базасындағы Жасанды интеллект және заттар интернеті зертханасының ғылыми қызметкері Әсия Балтабаева.

Жобаны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырады. Инновациялық платформаны ҚазҰУ 15 ғалымы бірлесіп әзірледі. Болашақта мамандар жүйені толық іске қосып, әрі қарай коммерцияландыруды жоспарлап отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі