ТДМ №17: ҚазҰУ-да «Turki fest Almaty – 2025» жастар фестивалі жоғары деңгейде өттіFarabi University

ТДМ №17: ҚазҰУ-да «Turki fest Almaty – 2025» жастар фестивалі жоғары деңгейде өтті

12 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласының әкімдігімен және Алматы қаласы жастар саясаты басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған «Turki fest Almaty – 2025» атты қалалық жастар фестивалі жоғары деңгейде өткізілді. Бұл ауқымды іс-шара Алматы қаласының Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесін алуына орай өтті.

Еске салсақ, аталған мәртебе 2025 жылғы 21 мамырда Будапешт қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми мәлімдемесі арқылы Алматы қаласына берілген болатын. Бұл – қаланың мәдени, ғылыми және жастарға қолайлы инфрақұрылымы дамыған заманауи орталық екенін көрсететін айрықша таным.

Фестиваль аясында түркі дүниесінің жастары бір алаңда тоғысып, ортақ мәдени мұраны ұлықтап, шығармашылық идеяларымен бөлісіп, достық пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Алматы қаласындағы бірнеше жоғары оқу орындарының жастары қатысты. Атап айтқанда:

  • Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

  • Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті

  • Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы

  • С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті

  • Алматы технологиялық университеті

  • Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті

  • Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы

  • «Нархоз» университеті

Фестивальдің мақсаты – түркі жастары арасындағы мәдени, рухани және шығармашылық байланысты нығайту, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыру, сондай-ақ түркі халықтарының ортақ құндылықтарын дәріптеу.

Фестивальге қатысушы университеттердің өнерлі жастары әртүрлі номинациялар бойынша арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.

«Turki fest Almaty – 2025» фестивалі – түркі әлемінің жастарын ортақ мақсатқа ұйыстырып, мәдени-рухани сабақтастықты тереңдетуге жол ашады. Бұл – жастар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтатын, халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Бүгін қаланған бұл байланыс – ертеңгі бірлікке, ортақ өркениетті болашаққа бастайтын берік негіз.