Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Таза Қазақстан» акциясы жалғасудаFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда

20 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, студент-жастардың табиғатқа жанашырлығын арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Аталған акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғатты қорғау мәдениетін дамытуға және халықты қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейді.

Бұл бастаманы ҚазҰУ-да жүйелі әрі нәтижелі жалғастыру мақсатында Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың тікелей бақылауымен нақты жоспар бекітілген. Соған сәйкес университет қабырғасында ғылыми конференциялар, экологиялық бағыттағы кездесулер, көгалдандыру жұмыстары мен сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп, оған студенттер мен оқытушылар белсене қатысуда.

Білім ордасының оқытушы-ғалымдары, қызметкерлер мен студенттер жиналған сенбілікке жалпы саны 5000-нан астам адам тартылды.

Іс-шара аясында оқу ғимараттары мен жатақханалардың айналасы, саябақтар мен стадион аумағы, сондай-ақ университеттің барлық аумағы жапырақтардан, қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар қызметкерлер мен студенттер кеңсе бөлмелері, дәліздер мен оқу залдары мен аудиторияларын да ретке келтірілді.

Тазалық жұмыстарын жүргізу және  қоқысты тиімді әрі қауіпсіз жинау үшін  сенбілікке қатысқандарға қоқыс сөмкелері, күрекшелер, қоқыс жинағыштар, қажетті құрал-жабдықтар және қолғаптар таратылды. Жиналған барлық қалдықтар экологиялық талаптарға сай мұқият оралып, қайта өңдеуге және жоюға жөнелтілді.

Биология және биотехнология факультетінің 1 курс студенті Әли Мараттың пікірінше, сенбіліктер тек университет аумағындағы тазалықты сақтауға ғана емес, сондай-ақ табиғатқа деген қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

– Бұл сенбілік елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Біз тек үйіміздің ғана емес, білім алып жатқан ортамыздың да таза болуына жауаптымыз. ҚазҰУ студенттер қалашығы – біздің қарашаңырағымыз, оның тазалығы үшін әрқайсымыз жауаптымыз. Менің ойымша, мұндай шаралар ұжымның бірлігін нығайтады. Мен осындай үздік университетте оқып жүргенімді мақтап тұтамын және алдағы уақытта мақсаттарыма жету үшін аянбай еңбек етемін»,– деді ол. 

Сенбілік барысында қалдықтарды сұрыптау және дұрыс жою мәселелеріне ерекше мән берілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі