
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Математика, механика және ақпараттық технологиялар» атты Х халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастады. Ауқымды ғылыми шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылуда.
Конференцияға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Италия, Ресей, Португалия, Пәкістан, Әзірбайжан, Литва, Грузия және басқа да елдердің көрнекті ғалымдары мен сарапшылары қатысуда.
Алқалы жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, цифрлық технологияның маңызына тоқталды. «Цифрлық технологиялардың дамуы – жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер кезеңі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында жасанды интеллектіні басым бағыт ретінде атап өтті. Бүгінде бұл – тек зерттеу нысаны ғана емес, сонымен қатар инженерлік және өндірістік міндеттерді шешудің қуатты құралы. Университетіміз осы бағытта белсенді ғылыми жобалар жүргізіп, жас ғалымдар мен студенттерді инновациялық қызметке кеңінен тартуда», – дей келе, ректор университеттің ғылыми орталықтары атқарып жатқан зерттеу жұмыстарымен таныстырды.
Сонымен қатар ашылу салтанатында ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов, ҚР ҰҒА академигі Айдархан Қалтаев, Ресей ҒА корреспондент-мүшесі Сергей Кабанихин сөз сөйлеп, математика мен механиканың іргелі мәселелері жайлы пікір білдірді.
Үш күнге созылатын халықаралық жиын аясында әлемдік деңгейдегі ғалымдардың қатысуымен пленарлық мәжілістер; математика, механика, IT салалары бойынша секциялық отырыстар; жас зерттеушілер өз жобаларын ұсынатын стендтік сессиялар; «Ғылым мен инженериядағы жасанды интеллект: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел және өзге де шаралар жоспарланған.
Конференция барысында ҚР және РФ Ұлттық ғылым академияларының академиктері, Питтсбург университеті, Падуя университеті, Лондон университеті (Queen Mary), Назарбаев университеті және өзге де жетекші ғылыми орталықтардың профессорлары баяндама жасайды. Сондай-ақ үздік баяндамалар мен зерттеулер арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Басқосуда математика мен механиканың іргелі және қолданбалы мәселелері, робототехника, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктер талқылануда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


