ҚазҰУ ректоры беделді шетелдік ғалым-сарапшылармен кездесті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Математика, механика және ақпараттық технологиялар» атты Х халықаралық ғылыми конференциясына қатысуға келген шетелдік ғалым-сарапшылармен кездесу өткізді.
Құрметті қонақтар қатарында Литвадағы Витаутас Магнус университетінің өкілі Леонидас Сакалаускас, Питтсбург университетінің ғалымы Пейман Гиви, Португалиядағы Лиссабон жоғары инженерлік институтының ғалымы Паулу Тригу, С.Л.Соболев атындағы Математика институтының өкілі Сергей Кабанихин, Италияда орналасқан Падуя университетінің зерттеушісі Пьер Доменико Ламберти және өзге де ғалымдар бар.
Жүздесуде қазақстандық және шетелдік ғалымдар арасындағы байланысты дамыту мәселесі сөз болды.
Оқу ордасының басшысы Жансейіт Қансейітұлы ҚазҰУ-да өткен ауқымды іс-шараға арнайы АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Италия, Ресей, Португалия, Пәкістан, Әзірбайжан, Литва, Грузиядан келген ғалымдарға шынайы ризашылығын жеткізді.
«Математика, механика және ақпараттық технологиялар» атты Х халықаралық ғылыми конференциясы ІТ, жасанды интеллект, математика, механика, робототехника саласындағы түйткілді мәселелерді талқылауға және оң шешімін табуға жол ашты. Әр ғалым жасаған баяндаманың артында көп еңбек жатыр. Сіздер көтерген барлық бастама қазіргі таңда өте өзекті. Осы тұрғыда баршаңызды ҚазҰУ-да көшбасшылық дәріс оқуға шақырамын. Бұл университеттің білім алушы жастары үшін өте құнды дәріс болатынына сенімдімін», – деді ректор.
Өз кезегінде шетелдік ғалымдар университет басшысы айтқан бастамаларды қолдайтынын және ҚазҰУ зерттеушілерімен бірге ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыратынын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


