ҚазҰУ құқықтық статистикаға талдау жүргізедіFarabi University

ҚазҰУ құқықтық статистикаға талдау жүргізеді

25 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті арасында ынтымақтастық орнады. Құжатқа университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен комитет төрағасы Сәбит Нұрлыбай қол қойды.

Бұл келісім – Мемлекет басшысының болжау және талдау жұмысын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындаудың тағы бір маңызды қадамы.

Меморандум құқық қорғау органдары мен ғалымдардың күшін біріктіріп, қылмыстық қауіптердің алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін шешуде жаңа, тиімді жолдар табуға бағытталған.  

Ректор Жансейіт Түймебаев құжаттың стратегиялық маңызын атап өтіп,  «Бұл меморандум университет пен мемлекеттік орган арасындағы сенім мен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Біз студенттеріміздің білімін тек теориямен шектемей, нақты тәжірибемен ұштастыратын боламыз», – деді.

Комитет төрағасы Сәбит Нұрлыбай өз кезегінде: «Ынтымақтастық комитеттің ірі мәліметтерін академиялық ортадағы әдістемелік сараптамамен біріктіріп, құқық қорғау органдарының жұмысына қолданылатын модельдерді жасауға мүмкіндік береді», – деп сенім білдірді.

Меморандум шеңберінде университет пен комитет бірлесіп  құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіптерді болжау бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асыруға ниетті.

Сонымен қатар, меморандумға сәйкес, университетте жуырда құрылған Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығының жобаларына IT бағытындағы жоғары курс студенттерін тарту көзделген. Олар мемлекеттік органда тәжірибеден өтіп, аналитикалық құралдарды жетілдіруге үлес қосады.

Тараптар ынтымақтастықтың басты мақсаты – құқық бұзушылықты болжау мен ерте ескерту жүйесін әзірлейтін жаңа аналитикалық мектеп құру екенін атап өтті. Бұл Қазақстанның «Заң және тәртіп» концепциясын іске асыруға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі