Бизнес білім беру бойынша келісім жасалды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Бейжің бизнес және технологиялар университетінің (BTBU) делегациясымен кездесті. Басқосуда тараптар академиялық мобильділікті дамыту, бірлескен ғылыми жобалар мен ақпарат алмасуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Университет басшысы өз сөзінде ҚазҰУ шетелдік серіктестер, соның ішінде Қытай университеттерімен тығыз байланыста академиялық және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
Ынтымақтастық аясында бірлескен жобалар, ғылыми зерттеулер мен білім беру мобильділігін дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктер қарастырылды. Сонымен қатар меморандумның білікті кадрлар даярлау мен инновациялық бағыттарды кеңейтудегі стратегиялық маңызы ерекше айтылды.
BTBU президенті Го Цзяньхуа екі университет арасындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетіне назар аударып, муниципалды мемлекеттік университеттің жұмысына деген қызығушылық үшін алғыс білдірді. Бұл оқу орнының мықты бағыттары ретінде тамақтану ғылымы, химия, ақпараттық инженерия, есеп, қаржы, логистика мен жеткізу тізбегін басқару, дизайн және коммуникация, құқық салалары аталды. Мәртебелі мейман бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобалардың өзектілігін айтып, студенттер, магистранттар және оқытушы-профессорлық құрамның белсенді қатысуына үміт білдірді.
Кездесу қорытындысында академиялық алмасу мен мобильділікті дамыту, бизнес білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламалары бойынша бірлескен жұмыс, зерттеу материалдары мен нәтижелерін бөлісу, ғылыми конференциялар, семинарлар, симпозиумдар ұйымдастыру, студенттер мен оқытушылар үшін ғылыми тағылымдамалар мен практикаларды өткізу сияқты ынтымақтастықтың мақсаттары мен принциптері құжатпен бекітілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


