Экологиялық заңнаманы цифрлық жаңғырту

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Цифрлық трансформация жағдайындағы экологиялық заңнаманы дамытудың заманауи ізденістері мен келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру аясындағы шараны Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы ұйымдастырды.
Конференцияға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, халықаралық сарапшылар, ҚР мемлекеттік органдары өкілдері, құқық қорғаушылар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ашып, конференцияның еліміздегі заңнама мен ғылымды тоғыстырған бірегей алаң ретіндегі маңызын атап өтті. Ол цифрлық технологиялардың құқық саласында қолданылуы еліміздің дамуында жаңа дәуірдің бастауы екенін әрі экологиялық заңнаманы жетілдіру баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.
«Цифрлық трансформация заңнаманы жетілдіруде ғана емес, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуға қол жеткізуде де негізгі қозғаушы күшке айналды. Бүгінгі конференцияда талқыланатын мәселелер Қазақстанның экологиялық болашағы үшін аса өзекті», – деді ол.
Сонымен қатар конференция ашылуында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан сөз сөйлеп, тақырыптың маңызын ашты.
«Қорғалатын табиғи аймақтардың тағдыры тек адами факторға байланысты болмауы тиіс. Экологиялық заңнама бойынша әрбір шешім ашық және қоғам бақылауында болу керек. Ғалымдардың ғылыми зерттеулері мен цифрлық құралдар мұнда үлкен көмек болады», – деді депутат.
Конференция барысында қатысушылар цифрлық технологияларды (Big Data, GIS, жасанды интеллект) экологиялық мониторингте қолдану, құқықтық реттеу мен тәжірибедегі цифрландырудың тиімділігі және халықаралық тәжірибені ұлттық заңнамаға бейімдеу мәселелерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарын орындаудағы құқықтық механизмдер мен халықаралық стандарттарға сәйкестігіне ерекше назар аударылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


