- Басты бет
- Қазақстан халқы Ассамблеясы
- ТДМ №16: «Jastar Generation – 2025» лагеріндегі этносаралық диалог пен инклюзивтілік
ТДМ №16: «Jastar Generation – 2025» лагеріндегі этносаралық диалог пен инклюзивтілік

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жастардың этносаралық диалогы мен инклюзивті мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды шара өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты – «Ассамблея жастары» ұйымдастырған халықаралық «Jastar Generation – 2025» жастар лагері аясында түрлі елдерден келген жастармен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – Орталық Азия жастары арасында өзара түсіністік пен сенімге негізделген қарым-қатынас орнату, өңірлік ынтымақтастықты нығайту және мәдени әртүрлілікті, этносаралық татулықты насихаттау. Кездесу барысында жастар мәдениетаралық диалогты дамытудың тиімді жолдарын талқылап, ортақ құндылықтар негізінде бірігудің маңыздылығына тоқталды.
Аталған іс-шараның ерекшелігі – инклюзия қағидаттарына ерекше назар аударылғаны. Қатысушылар қоғамдағы әртүрлілікті қабылдау, кемсітушіліксіз орта қалыптастыру және ерекше қажеттіліктері бар жастарды әлеуметтендіру сынды өзекті мәселелерге қатысты ой бөлісті. Диалогтық сессияларда инклюзивті білім беру, тең мүмкіндіктер мен әлеуметтік әділеттілік тақырыптары көтеріліп, жастар арасындағы инклюзивті мәдениетті дамытудың нақты жолдары ұсынылды.
Кездесу нәтижесінде түрлі елдерден келген жас көшбасшылар мен белсенділер бірлік, өзара құрмет және ынтымақтастық қағидалары негізінде алдағы уақытта бірлескен жобалар жүзеге асыруға ниет білдірді. Бұл – барлық жастың этностық, әлеуметтік, мәдени және физикалық ерекшеліктеріне қарамастан қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасайтын, инклюзивті ортаны нығайтудың жарқын үлгісі болды.
Шара соңында қатысушылар жастар саясатының өзекті мәселелерін шешуде халықаралық ынтымақтастықтың рөлін атап өтіп, мұндай диалог алаңдарының тұрақты түрде ұйымдастырылуы қажеттігін алға тартты.
Басқа жаңалықтар

