«Белсенді ұзақ өмір сүру тәжірибесі және даму перспективалары» халықаралық форумы
.jpg)
2025 жылғы 30 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Белсенді ұзақ өмір сүру тәжірибесі және даму перспективалары» атты халықаралық форум өтті. Шараны университеттің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты мен Алматы қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» бірлесіп ұйымдастырды.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдардың сарапшылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, әлеуметтік сала мамандары мен геронтология, демография және қоғамдық денсаулық сақтау бағытында еңбек етіп жүрген зерттеушілер қатысты. Ашылу рәсімінде Алматы қалалық Мәслихатының Төрағасы Отыншиев Мейіржан Батырбекұлы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Аймағамбетов Асқар Әбілдаұлы, ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Ибраимов Марғұлан Касенович, Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй және Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы, Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек сөз сөйлеп, форумның маңыздылығын атап өтті.
Жиында егде жастағы азаматтарды қолдауға бағытталған халықаралық тәжірибелер таныстырылып, әлеуметтік қамсыздандырудағы жаңа тетіктер, денсаулық сақтау саласындағы заманауи технологиялар және инклюзивті білім беру бағдарламалары талқыланды. Қатысушылар Алматы қаласы мен облысындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысы туралы мәлімет алып, жоғары оқу орындарында жүзеге асырылып жатқан «Күміс университет» жобаларының үлгілерімен танысты.
Форум аясында қонақтарға қолөнер бұйымдары мен бейнелеу өнері туындылары қойылған көрме ұсынылды. Сонымен қатар, Құрманғазы атындағы оркестрдің «Сарыарқа» шығармасы орындалып, «Айналайын» халық би ансамблі мен отбасылық жұптардың өнері көрсетілді. «Күміс жас» жобасына қатысушылар қазақтың ұлттық киім үлгілерін паш етіп, шығармашылық ұжымдар сахналық қойылымдар ұсынды.
Форум нәтижесінде белсенді ұзақ өмір сүруді дамытуға бағытталған ұсынымдар әзірленді. Онда әлеуметтік қызметтердің өзара ықпалдастығын арттыру, аға буынға арналған білім беру бағдарламаларын кеңейту, цифрлық шешімдерді енгізу және егде жастағы адамдардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасауға басымдық берілді.
Басқа жаңалықтар
.jpg)
.jpg)