National Geographic грантын алу мүмкіндігі түсіндірілдіFarabi University

National Geographic грантын алу мүмкіндігі түсіндірілді

1 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жас зерттеушілерге National Geographic грантын алу мүмкіндіктері» тақырыбында дәріс өтті. Оны National Geographic Society-дің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша атқарушы директоры, доктор Янник Кюль оқыды.

Доктор Кюль 137 жылдық тарихы бар ұйымның басты миссиясы – экожүйені сақтау, табиғатты мәдениет және тұрақты даму мәселелерін зерттейтін бастамаларды қолдау екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары National Geographic Society әлемнің 83 елінде 15 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған. Сонымен қатар ұйым 24 тілде ғылыми мақала жариялап, бірегей фотоматериалдар дайындаған. Бұл еңбектер ғылым мен білім беру саласында кеңінен қолданылып келеді.

Ұйым қызметінің негізгі бағыттары – мұхит пен жерді қорғау, ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми карталар жасау, биологиялық алуантүрлілікті зерттеу және мәдени мұраны сақтау.

Спикер грантқа қол жеткізудің шарттарын түсіндірді. Оның айтуынша, ұсынылатын жоба өзекті, нақты әрі терең ғылыми үлес қосуы тиіс. Сарапшылар әсіресе экологиялық мәселелер мен тұрақты даму бастамаларына ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ ол пәнаралық тәсілдің және зерттеудің практикалық құндылығының маңыздылығын атап өтті.

Дәріс барысында доктор Кюль National Geographic Society-дің ресми сайтына тоқталып, студенттер мен жас ғалымдарға ондағы материалдарды мұқият зерттеуге және жобаларды ғылыми негізде дайындауға кеңес берді. Лектор сондай-ақ студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Шара соңында қонаққа кампус-тур ұйымдастырылды. Ол Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану ғылыми орталығын, Қазақстан-Қытай қашықтықтан зондтау зертханасын және Farabi Supercomputer Center орталығын аралады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі