ІТ мамандарына талап күшейтіледіFarabi University

ІТ мамандарына талап күшейтіледі

3 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын және жасанды интеллектіні дамыту перспективаларын талқылауға арналған сессия отырысы өтті.

 

Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ұйымдастырған іс-шараға ІТ саласының мамандары, ғалымдар, оқытушы-профессорлар құрам мен білім алушы жастар қатысты.

Сессияны факультет деканы Тимур Иманқұлов ашып,  Президент жолдауының стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ өз сөзінде декан цифрлық экономиканы дамыту үшін мамандар даярлауда университеттің рөліне тоқталды.

«Ақпараттық және жоғары өнімді технологиялар» ҒЗИ-дың аға ғылыми қызметкері Еділ Нұрахов  «Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы жолдауының стратегиялық бағыттары» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым цифрландыру, инновация және ЖИ технологияларын әр салада енгізу қажет екенін баса айтты.

Сонымен қатар шарада доцент міндетін атқарушы Жолдас Бөрібаев «Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбында өз баяндамасын ұсынды. Ол өз сөзінде білім беру мен ғылымға ЖИ-ді енгізу, халықаралық ынтымақтастық пен этикалық мәселелерге назар аударды.

Дөңгелек үстел отырысында қатысушылар ІТ саласы мамандарына талапты күшейту, ЖИ-ді дамыту бойынша идеялар мен ұсыныстарды талқылап, жас ғалымдардың зерттеу бастамаларымен бөлісті.

Сессия қорытындысында жасанды интеллект саласындағы ғылыми-білім беру жобаларын одан әрі дамытуға арналған ұсыныстар тұжырымдалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі