Бизнес-білім дамытыладыFarabi University

Бизнес-білім дамытылады

6 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай Халық Республикасының Cheung Kong Graduate School of Business (CKGSB) бизнес мектебінің делегациясымен университет басшылығының кездесуі өтті.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қонақтарды қарсы алып, зерттеу университетінің қызметі жөнінде баяндады.

ҚазҰУ мен Қытайдың жоғары оқу орындары арасында берік және нәтижелі ғылыми ынтымақтастық орнаған. Бірқатар ірі ғылыми-білім беру жобалары жүзеге асырылуда, соның ішінде Солтүстік-батыс политехникалық университеті (NPU), Қытай-Қазақстан бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары зертханасы, Халықаралық Қытай-Қазақстан энергия сыйымдылығы жоғары нанотехнологиялар зертханасы және «5G/5.5G коммуникациялық технологиялар» зертханасы бар. Бірінші проректор өз сөзінде бизнес-білім беру саласында Cheung Kong бизнес мектебімен бірлескен жобаларды дамытуға зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Өз кезегінде Cheung Kong бизнес мектебінің деканы Ли Хайтао CKGSB қызметі туралы баяндады. Аталған мектеп Азиядағы жетекші бизнес-білім беру ұйымдарының бірі болып саналады және AACSB пен EFMD халықаралық қауымдастықтарының мүшесі.

CKGSB бас кеңсесі Бейжіңде, ал кампустары Шанхай мен Шэньчжэнь қалаларында орналасса, Нью-Йорк пен Лондонда өкілдіктері бар. Декан атап өткендей, мектептің басты миссиясы – «жаһандық көзқарасы бар, халықаралық ресурстарды біріктіре алатын және ортақ құндылықтарды ұстанатын жаңа буын бизнес көшбасшыларын тәрбиелеу».

Сапардың негізгі мақсаты – бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, Cheung Kong бағдарламаларын Орталық Азия өңірінде ашуға дайындық және түлектердің аймақтық нарықтарға шығуына мүмкіндік беретін ортақ платформа құру.

Кездесу соңында тараптар бизнес-білім беру және ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру бойынша серіктестіктің нақты бағыттарын талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі