ҚазҰУ-да экологиялық форум өтудеFarabi University

ҚазҰУ-да экологиялық форум өтуде

6 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Экологиялық тұрақтылық: инновациялар, сын-қатерлер және шешімдер» атты халықаралық конференция (ICESICS 2025) өз жұмысын бастады. Форумға әлемнің 15 елінен келген 100-ден астам ғалым мен сарапшы қатысуда.

Ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов қатысушыларды құттықтап, университеттің Қазақстандағы жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге белсенді үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Экологиялық тұрақтылық қоғамының (SES, Үндістан) президенті, профессор Рана Пратап Сингх өз сөзінде экологиялық тұрақтылық ұғымының бүгінде ғылыми шеңберден асып, жаһандық дамудың басты бағытына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ ол ғалымдардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығына назар аударып, ҚазҰУ-ға табиғи тепе-теңдікті сақтау жолындағы бастамаларды қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.

Форум аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Үндістанның Экологиялық тұрақтылық қоғамы (SES) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат экология және биотехнология саласындағы бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық алмасуларды дамытуға негіз қалайды.

Конференция бағдарламасында пленарлық отырыстар, шеберлік дәрістер мен заманауи зерттеу технологияларының таныстырылымдары өтті. Профессор Нұралы Әкімбеков экология саласында көмір мен биотехнологияны тиімді пайдалану жолдарын ұсынды. Профессор Х.Б.Сингх (Үндістан) ауыл шаруашылығында биопестицидтерді қолданудың тиімділігі туралы баяндама жасады, ал профессор Нандула Рагхурам азотты тиімді пайдалану арқылы күріш өнімділігін арттыру бағытындағы зерттеулерін таныстырды.

Биология және биотехнология факультетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Әйгерім Мамирова «Фиторемедиациядан кейінгі биомасса негізіндегі биочардың тау-кен өндірісінен кейінгі топырақтарда мискантус өсімдігінің дамуын қолдаудағы рөлі»  атты зерттеу жұмысы туралы айтты.

Қатысушылар заманауи электрондық микроскопия әдістерімен, ауыр металдарды талдау тәсілдерімен және биоалуантүрлілікті бақылауда экологиялық ДНҚ технологиясын қолданудың жаңа мүмкіндіктерімен танысты. Конференция 8 қазанға дейін жалғасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі