ҚазҰУ мен Пенза университеті студент алмасады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Пенза мемлекеттік университетінің халықаралық істер жөніндегі проректоры Глеб Синцов бастаған делегациямен кездесті.
Жүздесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін талқылап, серіктестікті одан әрі дамыту жолдарын қарастырды.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық және ғылыми байланыстардың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы серіктестік тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, білім және ғылым саласында да жаңа сапалы кезеңге шыққанын айтып, жоғары оқу орындары, компаниялар мен ғылыми құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдың жүйелілігі мен ұзақ мерзімділігінің маңыздылығына тоқталды. «Қазіргі уақытта ҚазҰУ 180 ресейлік жоғары оқу орны және ұйымдармен серіктестік байланыс орнатқан. Бұл студенттер мен оқытушылар алмасуын, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға кең мүмкіндік береді», – деді ректор.
Сондай-ақ университет басшысы 2022 жылдан бастап табысты жұмыс істеп келе жатқан НИЯУ МИФИ филиалының қызметіне тоқталды. Қазір онда 104 студент бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша білім алуда. Сонымен қатар ол Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті базасында ҚазҰУ филиалын ашудың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Пенза мемлекеттік университетінің халықаралық істер жөніндегі проректоры Глеб Синцов екі жоғары оқу орны арасындағы жаңа келісімнің стратегиялық мәніне назар аударып, оның студенттер мен оқытушылардың халықаралық академиялық мобильдігін кеңейтуге және бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға серпін беретінін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту және факультеттер мен институттар арасындағы тәжірибе алмасуды көздейтін серіктестік туралы келісімге қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


