ҚазҰУ ұлттық ғылымның әлеуетін нығайтуда

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Су ресурстарын талдау, бағалау және болжаудың заманауи әдістері мен технологиялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Іс-шара аясында көрнекті ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Қаламқалиұлы Дәулетғалиевтің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Халықаралық конференцияның салтанатты ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева қатысушылар мен ғылыми ұйымдар өкілдерін құттықтап, шараның маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі конференция ғылым мен білімнің жедел цифрландырылу кезеңінде өтіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Цифрландыру мен жасанды интеллект – ғылымды, білімді және мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың басты қозғаушы күші болуы тиіс» деп атап өтті. Осы стратегиялық бағытқа сәйкес, ҚазҰУ ғылыми зерттеулерде цифрлық технологияларды белсенді енгізіп, халықаралық серіктестікті кеңейтіп, ұлттық ғылымның әлеуетін арттырып келеді. Конференция тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми жетістіктерді таныстыруға және ғалымдар арасындағы байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік береді деп сенемін», – деді проректор.
Пленарлық отырыс барысында География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева сөз сөйлеп, конференцияның профессор Сәкен Қаламқалиұлы Дәулетғалиевтің 90 жылдық мерейтойына арналуымен ерекшеленетінін атап өтті. Ол көрнекті ғалымның су ресурстарын тиімді басқару мен географиялық ғылымдарды дамытуға қосқан зор үлесін, сондай-ақ оның ғылыми мектебінің еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында еңбек етіп жүрген бірнеше буынды біріктіретінін айтты.
Конференция жұмысына ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ Басқарма төрағасы Медеу Ахметқал Рахметоллаұлы, «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымындағы ҚР тұрақты өкілінің гидрология жөніндегі кеңесшісі Серік Саиров, Ресей мемлекеттік гидрометеорология университетінің доценті Виталий Хаустов, география ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Игорь Мальковский және басқа да беделді ғалымдар қатысып, профессор Дәулетғалиевтің ғылыми мұрасына арналған баяндамаларын ұсынды.
Конференция жұмысы – «Су ресурстарын бағалау және болжаудың заманауи әдістері», «Цифрлық гидрология: ГАЖ-дан машиналық оқытуға дейін» және «Климат тұрақсыздығы жағдайындағы табиғи ортаның өзгеруі мен трансформациясы» атты үш секция бойынша жалғасты.
Қорытынды пленарлық отырыста үздік баяндамалар мен постерлік жұмыстардың авторлары марапатталды. Конференцияның екінші күнінде қатысушыларға арналған кампус-тур ұйымдастырылып, олар Әл-Фараби мұражайы, Farabi Hub инновациялық алаңы, инженерлік және жоғары технологиялар кластері, Қазақстан-Қытай бірлескен «Алыстан зондтау технологиялары және олардың қолданылуы» зертханасы мен География факультетінің 10 жаңа зертханасының жұмысымен танысады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

