Ғылыми инфрақұрылым жаңа бағытта дамытылады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми инфрақұрылымды дамыту, зерттеу тиімділігін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылау үшін Ғылыми-техникалық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов университеттің зерттеу экожүйесін жетілдірудің басым бағыттарын таныстырды.
Farabi Supercomputer Center директоры Әмірхан Темірбаев суперкомпьютер инфрақұрылымын дамыту туралы баяндап, өнімділігі 2000 TFLOPS болатын Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютерді пайдалану мүмкіндіктеріне тоқталды. Бұл жүйе жасанды интеллект, климаттық модельдеу, медицина, инженерлік есептеулер және басқа да стратегиялық жобаларға арналған.
Кеңес барысында суперкомпьютердің қуатын ағымдағы және жаңа жобаларда кеңінен қолдану, гранттық өтінімдерге енгізу және зерттеушілерге арналған ақпараттық семинарлар өткізу ұсынылды.
Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек зерттеушілердің нәтижелілігін бағалаудың жаңартылған критерийлерін ұсынды. Бұл – халықаралық басылымдардағы жарияланымдар, дәйексөздердің өсуі, гранттық жобаларға қатысу, патент және докторанттарды даярлау сияқты көрсеткіштер. Сонымен қатар бірлескен жобаларды және гранттық бағдарламаларды ескеру ұсынылды.
Соңғы жылдары университеттің халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысуы айтарлықтай артты: 2021 жылы – 130, 2022 жылы – 189, 2023 жылы – 211, 2024 жылы – 193 жоба. Оның ішінде 35 пайызы Erasmus+ бағдарламасы аясында, 65 пайызы Қытай, Корея, Ресей және Францияның жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
ҚазҰУ даму жоспарына сәйкес, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға, инвестиция тартуға және халықаралық ғылыми-білім беру бастамаларына қатысуды күшейтеді.
Кеңес қорытындысында суперкомпьютерді ғылыми зерттеулер мен гранттық өтінімдерде кеңінен қолдану, семинарлар өткізу және халықаралық серіктестікті дамыту бойынша шешімдер қабылданды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


