Иран университеттерімен ЖИ жобалары жүзеге асадыFarabi University

Иран университеттерімен ЖИ жобалары жүзеге асады

15 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Сона Ахмадимен келіссөз жүргізді.

Жансейіт Түймебаев құрметті консулдың жаңа қызметіне сәттілік тілеп,  ҚазҰУ-дың соңғы жетістіктерін таныстырды. Ректор өз сөзінде ҚазҰУ мен Иран жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік байланыс бүгінде қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Дегенмен ынтымақтастық шеңберіндегі жұмыстарды алдағы уақытта жандандыру қажет екенін жеткізді.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Иран университеттерімен серіктестікті одан әрі дамытуға ниетті. Оқу ордасында Иранның тарихы мен мәдениетін зерттеп жүрген ғалымдар жетерлік. Осы орайда, болашақта екі елге ортақ ғылыми еңбектер мен кітаптар шығару маңызды деп санаймын. Сонымен қатар Иранның кітапханалары мен мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты мол ақпарат сақталған. ҚазҰУ-дағы парсы тілі мамандарын Иранға жіберіп, осы мәліметтерді жинақтау жұмыстарында консулдық қолдауыңызға үміт артамыз», – деді ректор.

Өз кезегінде Сона Ахмади ілтипат білдіргені үшін ризашылығын жеткізіп, бірқатар ұсынысын ортаға салды. «Қазақстан мен Иран арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Иран университеттері мен ҚазҰУ-дың жасанды интеллект бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндігі бар. Сондай-ақ нанотехнология, химия, физика салаларында ортақ зертханаларды пайдалана отырып, үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады», – деді бас консул.

Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Сона Ахмади сөзінде екі мемлекеттің ойшылдары мен ғалымдарын ұлықтау мақсатында ортақ симпозиумдар, конференциялар мен ғылыми дәрістер өткізу туралы ұсынысын айтты. Бұған қосымша академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқытушылар мен ғалымдарды, студенттерді алмасу бағдарламасын жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды.

Келіссөз нәтижесінде тараптар жүздесуде айтылған барлық ұсыныстарды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі