Суперкомпьютерді қолдану бағыттары анықталдыFarabi University

Суперкомпьютерді қолдану бағыттары анықталды

15 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде оқу ордасының ғылыми және білім беру тапсырмалары мен жобаларын жүзеге асырудағы суперкомпьютердің мүмкіндіктеріне арналған семинар өтті.

Шараға заң факультетінің ғалымдары, оқытушылар мен қызметкерлер қатысты.

Семинарды Farabi Supercomputer Center директоры Әмірхан Темірбаев өткізді. Ол өз сөзінде 2024 жылы Qingdao Aucma Import & Export Co компаниясы арқылы ҚазҰУ-ға жеткізілген және 2025 жылы ZTE Kazakhstan компаниясының қолдауымен іске қосылған қуаттылығы 2000 TFLOPS болатын суперкомпьютердің кең қолданылуы мен шексіз мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Суперкомпьютер толыққанды жұмыс істеуі үшін біз ДӨО (Деректерді өңдеу орталығы) түрінде толық инфрақұрылымды құрдық, оған энергиямен жабдықтау, салқындату жүйелері және басқалары кіреді. Қазіргі таңда бұл елдегі ғана емес, Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютерлердің бірі. Бұл суперкомпьютер кез келген есепті қолданыстағы компьютермен салыстырғанда 10 мың есе жылдам шешеді. Қазір суперкомпьютер әлемде 550-ші орында. Жасанды интеллектінің салдарынан қазір әлем өте тез өзгеруде. Сондықтан біздің міндетіміз – суперкомпьютердің барлық мүмкіндіктерін барынша пайдалану», – деді спикер.

Әмірхан Әділханұлы суперкомпьютер мүмкіндіктерін қолдануға болатын бағыттарға, атап айтқанда ауа райын ұзақ мерзімді болжау, Алматы қаласының тұрақты дамуы, сандық егізін жасау, экология мен климатты жақсарту сияқты жобаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл жобалар қазіргі уақытта қала әкімдігінде талқылануда. Ғалымдардың міндеті – идеяларын  суперкомпьютер арқылы іске асыру.  Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Цифрландыру басқармасы ғылыми жобаларды қаржыландыруға дайын.

Кездесу барысында қатысушылар өздерінің пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ спикерге сұрақтарын қойып, толық әрі мазмұнды жауап алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі