ТДМ №4: ҚазҰУ-да «Студенттер қатарына қабылдау кеші» өттіFarabi University

ТДМ №4: ҚазҰУ-да «Студенттер қатарына қабылдау кеші» өтті

10 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі «Студенттер қатарына қабылдау» кеші өтті. Бұл ерекше кеш – жаңа оқу жылының басталуы ғана емес, өмірдің жаңа белесіне қадам басқан жас буынның арманы мен үміті тоғысқан сәттердің бірі болды.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректор Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Цзян Вэй қатысты.

Іс-шара барысында министр Саясат Нұрбек, студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Биыл университетімізге қабылданған 1-курс студенттері кешке ерекше дайындықпен келді. Бірнеше апта бойы олар өз қабілеттерін шыңдап, шығармашылық әлеуетін дамытты. Әр факультеттен жиналған жас таланттар ортақ мақсат жолында бірігіп, шынайы ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.

Айта кетерлігі, ҚазҰУ табалдырығын аттаған биылғы студенттер тек еліміздің барлық өңірінен ғана емес, шет мемлекеттерден де келген. Кешке Қырғыз Республикасының Бішкек қаласындағы және Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы ҚазҰУ филиалдарының студенттері де арнайы қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Бұл олардың университет өмірімен тығыз байланысын және ҚазҰУ қауымдастығының кең ауқымын айқындай түсті.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – жасанды интеллект технологиясы арқылы ұсынылған әдеби-танымдық кітап композициясы болды. Онда Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Иоганн Вольфганг фон Гёте, Александр Сергеевич Пушкин, Конфуций және Исаак Ньютон сынды әлемдік ой алыптарының бейнелері сахнада жаңаша форматта сөйлеп, білім мен ғылымның құндылығы туралы даналық сөздерін жеткізді. Бұл көрініс білімге құштар студенттерге терең ой салып, оларды рухани және зияткерлік тұрғыда шабыттандырды.

Кеш барысында студенттердің өнері, белсенділігі мен энергиясы ерекше әсер қалдырды. Әрбір қойылым мен музыкалық нөмір, әрбір би мен көрініс – ҚазҰУ жастарының дарындылығы мен рухының биіктігін көрсетті.

ҚазҰУ студенттері қашанда білімге құштар, мақсатшыл және ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын жастар ретінде ерекшеленеді. Бұл кеш соның жарқын дәлелі болды: мыңдаған жас жүрек бір арнаға тоғысып, жаңа өмірге сеніммен қадам басты.

Жаңа оқу жылында университетіміздің студенттеріне табыс, білім жолында биік белестер мен жаңа жетістіктер тілейміз!

Сәт сапар, білімге құштар ҚазҰУ жастары!