- Басты бет
- Жаңалықтар
- Санкт-Петербург университетімен ҚазҰУ суперкомпьютерін игеру бойынша келісім жасалды
Санкт-Петербург университетімен ҚазҰУ суперкомпьютерін игеру бойынша келісім жасалды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің ректоры, РҒА вице-президенті Андрей Рудской мен Қырғыз Республикасының Тұңғыш Президенті, Ресей ғылым академиясының академигі, профессор Асқар Ақаев жұмыс сапармен келді.
Құрметті қонақтарды ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қарсы алып, шағын құрамда келіссөз жүргізді. Жүздесу барысында тараптар екі университет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, әсіресе жасанды интеллект пен ақпараттық технология саласында бірлескен зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Келіссөз нәтижесінде ҚазҰУ мен Санкт-Петербург политехникалық университеті білім беру мен ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында тараптар суперкомпьютерді пайдалану бойынша тәжірибелерімен бөліседі. Яғни аталған саладағы мамандардың біліктілігін арттыруға арналған семинар-тренингтер өткізіледі. Бұған қосымша қолданбалы, жүйелік бағдарламаларды шешуге бағытталған жобаларды бірлесіп жүргізеді.
Кейін Адрей Рудской мен Асқар Ақаев ҚазҰУ ұжымымен кездесу өткізді. Шараға білім ордасының оқытушылары, ғалымдары, магистранттар мен докторанттар жиналды.
Кездесуді оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, бүгінгі шара екі университеттің байланысын нығайтуға септігін тигізетінін жеткізді.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті профессоры Асқар Ақаев университетке төртінші мәрте келіп отыр. Сондай-ақ Санкт-Петербург политехникалық университетінің ректоры Андрей Рудскойдың ҚазҰУ-ға жасаған жұмыс сапары біз үшін өте маңызды. Санкт-Петербург политехникалық университетінен 3 Нобель сыйлығының иегері шыққан. Бұл үлкен жетістік. Алдағы уақытта екі ЖОО-ның ғалымдары бірлесіп жұмыс істеп, жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деп сенемін», - деді ректор.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев Ғылыми кеңес шешімімен Андрей Рудскойға «ҚазҰУ-дың Құрметті профессоры» атағын салтанатты түрде табыстады.
Өз кезегінде Андрей Рудской ілтипат білдіргені үшін ризашылығын жеткізді.
«Қазақ жеріне келгенім үшін өзімді бақытты санаймын. Өйткені мен Қазақстанда туылдым. Сондықтан бұл сапардың мен үшін орны бөлек. ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен және тарихымен таныстым. Университетті үлкен болашақ күтіп тұр, мен оған кәміл сенемін. Жансейіт Қансейітұлымен кездесуде жоғары оқу орындары арасындағы байланысты дамытуға бағытталған бірқатар мәселелерді талқыладық. Алдағы уақытта ҚазҰУ-дың инженерлік ғылым бағытындағы 10 студенті Ресейден тағылымдамадан өтетін болады», - деді Андрей Рудской.
Сондай-ақ жүздесуде Асқар Ақаев сөз сөйлеп, жасанды интеллектінің даму үрдістері мен оның қоғам мен ғылымға ықпалы туралы өз пікірін білдірді. Ол жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен көрші елдердің ғалымдары арасында тәжірибе алмасу арқылы осы бағытта бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыру қажеттігін ерекше атап өтті.
Кездесуден соң құрметті қонақтар үшін арнайы кампус-тур ұйымдастырылып, университеттің ғылыми инфрақұрылымы таныстырылды.
Айта кетейік алдағы күндері Ресей ғылым академиясының академигі, профессор Асқар Ақаев ҚазҰУ ұжымы мен студенттері үшін көшбасшылық дәрісін өткізеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


