Гуманитарлық ғылым мәселелері талданды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазіргі гуманитарлық ғылымның өзекті мәселелері тұрғысынан түркітілдес халықтардың әдебиеті, фольклоры және мифологиясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара мифология мен фольклорды зерттеуші, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық қоғамдық ғылымдар академиясының, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, филология ғылымының докторы Алмасбек Мәуленовтің мерейтойына арналды. Жиынға қазақстандық және шетелдік ғалымдар, педагогтер мен жас зерттеушілер қатысты.
Жиынды ашқан Қазақстан жазушылар одағының хатшысы, ҚазҰУ жанындағы Абай институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Қансейіт Әбдезұлы ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұловтың, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаттарын оқып берді.
Қансейіт Әбдезұлы Алмасбек Мәуленовтің ғылымдағы жолына тоқталып, оның жетекшілігімен Абай институтында жоғары оқу орындары, орта мектептер мен гимназия мұғалімдері үшін «Абайтану» ғылыми-әдістемелік семинарлары өткізілгенін атап өтті. Бұл шаралар Абай Құнанбаевтың 50 томдық жинағын шығару және оның шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.
«Алмасбек Мәуленов 2018 жылдан бері Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығын басқарады. Ғалым «Қазақ прозасындағы мифтер мен аңыздардың қолданылуы», «Түркі халықтарының әдебиетіндегі фольклор және мифологиялық парадигма» атты ғылыми монографиялар жариялады. Төрт оқу құралын жазды, сондай-ақ 100-ден астам ғылыми мақала жариялады. Көп жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ғылыми өнімділікті және оқытушылардың әдістемелік даярлығын табысты үйлестіре отырып, түркология мен қазақ әдебиетін ұлттық деңгейде насихаттап келеді», – деп атап өтті Қансейіт Әбдезұлы.
Пленарлық отырыс барысында Алмасбек Мәуленовтің 10 томдық жинағы, «Фольклор. Миф. Әдебиет», «Түркітілдес халықтардың әдебиетіндегі фольклор мен мифология» атты монографиялары таныстырылды. Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, ҚазҰУ жанындағы Абай институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев және басқа да қонақтар сөз сөйледі. Ары қарай конференция жұмысы секциялық отырыстарда жалғасты.
Іс-шараны филология факультетінің Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы мен Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


