ТДМ-4: Театр – өмір айнасыFarabi University

ТДМ-4: Театр – өмір айнасы

18 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультеті мен География және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері 2025 жылдың 18 қазанында мәдени-рухани құндылықтарды арттыру және өнерге деген қызығушылықтарын кеңейту мақсатында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына арнайы барып, қазақ драматургиясының көрнекті туындысы – «Бір түп алма ағашы» спектаклін тамашалады.

Бұл қойылым қазіргі қоғамда маңызды болып отырған мәселелерді көтеріп, адамгершілік құндылықтар мен табиғаттың маңыздылығын терең түсіндіретін көркем шығарма ретінде ерекше орын алады. Студенттер спектакль барысында қойылымның режиссерлік шешімдері мен актерлердің шебер ойынын тамашалап, олардың шығармашылық шеберлігі мен сахналық бейнелеу әдістерін бағалады.

«Бір түп алма ағашы» қойылымының негізгі тақырыбы – табиғат пен адам арасындағы байланыс, экология мәселелері және отбасының маңызы. Бұл тақырыптар жастардың заманауи әлеуметтік және экологиялық мәселелерді түсінуіне көмектесіп, олардың жауапкершілігін арттырады. Қойылым көрерменге терең әсер етіп, студенттер арасында құнды пікірлер мен талқылаулар туғызды.

Осы іс-шараның ұйымдастырылуы студенттердің мәдени деңгейін көтеру және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды. Университет тарапынан мәдени шараларға қатысу студенттердің жан-жақты дамуына және болашақ мамандықтарына дайындықтарына үлкен үлес қосады.

Студенттер бұл театр кешінен ерекше рухани әсер алып, ұмытылмас естеліктерге ие болды. Мұндай мәдени іс-шаралар олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, кәсіби және тұлғалық өсуіне септігін тигізеді.