ТДМ №3,5: ҚазҰУ-да гинеколог мамандар ағартушылық дәріс өткізді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы №5 қалалық клиникалық ауруханасының гинеколог мамандарының қатысуымен студент қыздарға арналған ақпараттық-ағартушылық дәріс ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірім және жастар арасында ерте жүктіліктің, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, сондай-ақ қыз баланың репродуктивті денсаулығын қорғау мәдениетін қалыптастыру болды.
Дәріс барысында медицина саласының мамандары қыз балалардың физиологиялық дамуы, жеке бас гигиенасын сақтау, дұрыс тамақтану мен психоэмоциялық тұрақтылықтың маңызы, сондай-ақ ерте жүктіліктің әлеуметтік, психологиялық және медициналық зардаптары жөнінде кеңінен түсіндірме берді. Сонымен қатар, жыныс жолымен берілетін түрлі аурулардың (ЖЖБА) түрлері, олардың белгілері, алдын алу шаралары және емдеу жолдары туралы нақты деректер ұсынылды.
Мамандар студенттерге өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп тұрудың, және кез келген күмәнді жағдайда дәрігер кеңесіне жүгінудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Кездесу интерактивті форматта өтті: студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби мамандардан толыққанды жауаптар алды. Іс-шара барысында ашық диалог орнап, қатысушылар арасында өзара сенім мен түсіністік қалыптасты.
Мұндай дәрістердің негізгі мақсаты – жастардың медициналық сауаттылығын арттыру, өз денсаулығына жауапты көзқарас қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Университет тарапынан осындай тәрбиелік және алдын алу бағытындағы шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Басқа жаңалықтар

