ҚазҰУ суперкомпьютері – қазақ тілді ЖИ зерттеулерінің орталығына айналады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің төрағалығымен өткен дөңгелек үстел отырысына онлайн форматта қатысты.
Шара отандық ғылымды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелері мен суперкомпьютердің тиімділігін арттыруды талқылауға арналды.
Өз баяндамасында Жансейіт Түймебаев университет базасындағы суперкомпьютер орталығының жұмыс жоспарын таныстырып, болашақта күтілетін нәтижелерге тоқталды.
«ҚазҰУ-дағы суперкомпьютер орталығы - гибридті кластер, яғни құрамында 400 орталық процессорлы (CPU) сервер мен 30 графикалық процессорлы (GPU) сервер кіреді. Бұл күрделі ғылыми есептерді моделдеуге, үлкен деректерге негізделген болжамдар жасауға, жасанды интеллектіге қатысты ЖИ-агенттер мен қазақ тілінің үлкен тілдік моделі сияқты жобаларды интеграция жасауға мүмкіндік береді. Farabi Supercomputer орталығының әлеуеті өте жоғары. ҚазҰУ барлық жоғары оқу орындар мен ұйымдардың ғылыми есептеріне қолдану бойынша келіссөз жүргізуге дайын. Бүгіннің өзінде суперкомпьютердің ресурстарын бірлесіп пайдалану бойынша мемлекеттік органдармен, министрліктермен, қала әкімдігімен жұмыстар жүргізілуде. ҚазҰУ суперкомпьютері ғылыми зерттеулерді жаңа деңгейге көтереді», - деді ректор.
ҚазҰУ-дағы суперкомпьютердің қуаттылығы – 2 000 терафлопс. Әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі.
Қазіргі таңда оқу ордасы суперкомпьютерді пайдалана отырып, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге сандық модельдеу және болжау, ластану деңгейін анықтау, жерді қашықтықтан зондтау, экологиялық мониторинг, ЖИ модельдерін құру бағытында жұмыс жүргізуде. Бұған қосымша Алматы қаласының прокуратурасымен ортақ жобаларды іске асыруға арналған арнайы келісім жасауда.
Сонымен қатар дөңгелек үстел отырысында ҚазҰУ тарапынан Farabi Supercomputer орталығының директоры Әмірхан Темірбаев сөз сөйлеп, суперкомпьютердің ғылыми жұмыстарда қолданылу бағыттарын түсіндірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі