ҚазҰУ-да «Араб тілі айы» басталдыFarabi University

ҚазҰУ-да «Араб тілі айы» басталды

22 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық мәдени-білім беру жобасы – «Араб тілі айының» салтанатты жиыны өтті. Оған ҚР министрліктерінің қызметкерлері, Араб елдерінің дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ араб тілі мамандары мен студенттер қатысты.

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған бұл шара Сауд Арабиясы Корольдігі Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының қолдауымен және ҚазҰУ мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ серіктестігімен жүзеге асырылуда.

Жиында ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов сөз сөйлеп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Өз сөзінде ол: «Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы мәдени-білім беру байланыстары жыл сайын нығайып келеді. Ортақ тарихи және рухани құндылықтарымыз негізінде ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайынбыз. Бірлескен мәдени іс-шаралар арқылы екі ел арасындағы достық пен сенімділікті арттыруға үлкен мүмкіндік бар», – деді.

Жиынға арнайы келген Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының бас хатшысы, доктор Абдулла әл-Уашми аталған шараның Қазақстандағы араб тілі мен мәдениетін кеңінен дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашқанын айрықша атап өтті.

«Қазақстанмен арадағы достық қарым-қатынасымыз күннен-күнге нығая түсуде. Өткен жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен қол қойылған ынтымақтастық хаттамасы екіжақты ықпалдастыққа тың серпін берді.  Сарапшыларымыз бен ғалымдарымыз Қазақстандағы әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, араб тілін үйрету мен зерттеуде маңызды жетістіктерге қол жеткізуде. Қазақ халқының бай мәдениеті мен қонақжайлығын жоғары бағалаймыз. Білім алушыларды біздің академияның бағдарламаларын пайдаланып, араб тілін терең меңгеруге шақырамыз», – деді доктор Абдулла әл-Уашми.

Сонан соң жиылғандар ҚазҰУ мен Халықаралық араб тілі академиясы жайлы бейнероликті тамашалап, үздік жобалары және жетістіктерімен танысты.

Шара барысында «Араб тілі айы» аясында ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде ҚР ЖОО студенттері қатысуымен өткен байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Білім алушы жастар «Араб каллиграфиясы», «Араб поэзиясын мәнерлеп оқу» және «Араб сторителлингі» байқауларында сынға түскен болатын.

Салтанатты бөлімнен соң шара қазақстандық және шетелдік жетекші арабтанушылар бас қосқан ғылыми форумға ұласты.  

Бұдан бөлек, төрт аптаға жоспарланған жоба шеңберінде оқытушылар мен студенттерге арналған тренингтер мен шеберлік сабақтары, араб каллиграфиясы мен мәдени мұрасының көрмесі өткізілуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысының биылғы жолдауындағы білім мен ғылымды ел дамуының негізгі іргетасы деп тану тұжырымымен үйлеседі. Сонымен қатар «Араб тілі айы» Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-ші –  «Сапалы білім беру» және 17-ші – «Тұрақты даму үшін серіктестік» бағыттарына да сәйкес келеді.

Айта кетсек, Сауд Арабиясы Корольдігінің Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы 2020 жылы құрылған. Мұндай жобаларды бұған дейін Әзірбайжан, Малайзия, Испания, Италия, Қытай және басқа да елдерде табысты өткізген болатын.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі