ҚазҰУ базасындағы СЗПУ филиалы жаңа оқу жылын бастады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университеті (СБПУ) филиалының жаңа оқу жылының ашылу рәсімі өтті.
Көпсалалы зерттеу университеті болып саналатын СБПУ филиалы ҚазҰУ-да 2024 жылдың қазан айынан бастап табысты жұмыс істеп келеді. Мұнда студенттер «Электроника және коммуникациялық технологиялар», «Материалтану және инжиниринг», «Компьютерлік ғылымдар және технологиялар» сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуда. Биыл филиалға 42 бакалавр, 53 магистрант және 4 докторант қабылданды.
Салтанатты шараны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашты. Ол студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, Солтүстік-батыс политехникалық университетінің қазақстандық филиалының құрылуы екі ел арасындағы жоғары білім саласындағы нәтижелі ынтымақтастықтың көрінісі екенін айтты. Проректор Қытай Халық Республикасындағы әріптестермен ғылыми зерттеулер және инновациялар саласындағы бірлескен жұмыстарды жоғары бағалады. Бұл бағытта бірлескен зертханалар мен микроспутниктердің құрылуы, қашықтықтан зондтау технологияларындағы жетістіктер де ерекше атап өтілді.
«Құрметті студенттер! ҚазҰУ базасындағы СБПУ филиалын таңдау арқылы сіздер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қолдап отырған платформаны таңдадыңыздар, – деді проректор. – Бұл сіздерге ең үздік академиялық ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті бағалай отырып, таңдаған салаларыңызда, білім мен ғылымда жетістікке жетуге ұмтылыңыздар».
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Бас консулдығының өкілі Люй И де студенттерге құттықтау сөз арнады. «ҚазҰУ базасындағы СБПУ филиалына түсу арқылы сіздер Қытай мен Қазақстан арасындағы достықтың жас елшілеріне айналдыңыздар. СБПУ мен ҚазҰУ екі елдің білім беру тұжырымдамалары мен ғылыми әлеуетін біріктірді. Филиалдың ашылуы – «Бір белдеу – бір жол» жобасы мақсаттарының сапалы жүзеге асуының айқын үлгісі», – деді құрметті қонақ. – СБПУ филиалының үлкен мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланып, терең кәсіби білім алып, көзқарасы кең, жоғары білікті және мәдениетаралық құзыретке ие маман болатындарыңызға сенемін».
Келесі кезекте мінбеге жаңа буын бакалаврлары мен магистранттары шықты. Олар өздері туралы және таңдаған оқу орнында сапалы білім алуға деген ынтасы жайлы әңгімеледі.
Шара соңында филиал студенттеріне сертификаттар тапсырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

