ҚазҰУ-да «AI-Art: Бояудағы болашақ» пленэрі өттіFarabi University

ҚазҰУ-да «AI-Art: Бояудағы болашақ» пленэрі өтті

23 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай, «AI-Art: Бояудағы болашақ» атты шығармашылық пленэр ұйымдастырылды.

Мұндағы басты мақсат – заманауи технология мен дәстүрлі өнердің үйлесімін көрсету, ЖИ дәуіріндегі ҚазҰУ-дың дамуы мен болашақтағы келбетін қылқалам арқылы бейнелеу және студенттер арасында жасанды интеллект көмегімен сурет салу конкурсын жүзеге асыру. Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын шығармашылық салада қолдануды насихаттау, студенттердің цифрлық ойлау және визуалды экспрессия қабілеттерін дамыту, оқу ордасы  жастарының инновациялық әлеуетін арттыру.

Ашық аспан астындағы пленэрге Қазақстан суретшілер одағының мүшелері, атап айтқанда: Мәлік Қайдаров, Құрманғазы Ақашев, Ернат Иманбакиев, Нұрболат Талғатұлы, Айдос Сейдақұл, Мәлік Жұмағұлов, Бақтияр Бүркітбаев, Төлеген Сүлейменов, Серік Тайнов, Нұрлан Сатаев, Серік Ағатаев, Ақмарал Қажыбек, Перизат Тайнова, Тұрғын Абдурахман және т.б. елге белгілі қылқалам шеберлері қатысты.

Сондай-ақ ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект, журналистика факультеті студенттерінің арасында ЖИ көмегімен сурет салу конкурсы тартысты өтті.

Пленэр жұмысымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев танысып, шығармашылық тұлғаларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ректор мұндай игі шаралар ҚазҰУ-дағы өнерлі жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен септігін тигізетінін жеткізді.

«Бүгінгі суретшілерге берілген негізгі тақырып – ҚазҰУ қалашығының әсемдігін көрсету. Пленэрге қатысушы суретшілердің ішінде «Дарын» сыйлығының иегерлері, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары бар. Пленэр соңында майлы бояумен салынған  30 туындыны университетке сыйға тартатын боламыз», – дейді ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші Тоққожа Қожағұлов.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі