ТДМ №2, 8, 11, 12: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Мерекелі күз» жәрмеңкесі өттіFarabi University

ТДМ №2, 8, 11, 12: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Мерекелі күз» жәрмеңкесі өтті

23 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күні және Егемендік декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына орай «Мерекелі күз» атты дәстүрлі жәрмеңке жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – егемен еліміздің тарихындағы маңызды мерекелердің маңызын айшықтап, студенттердің әлеуметтік белсенділігін арттыру, отаншылдық сезімін күшейту және олардың шығармашылық пен кәсіпкерлік бастамаларын қолдау болды.

Жәрмеңке барысында университеттің оқу ғимараттарының аумағы мерекелік сәнмен безендіріліп, жыл сайын дәстүрге айналған шараға оқытушылар, қызметкерлер және студенттер қауымы белсене қатысты. Шара барысында келушілерге әртүрлі өнімдер мен бұйымдар ұсынылды. Атап айтқанда, ҚазҰУ Агробиостанциясының экологиялық таза өнімдері, «Көмек» қоғамдық қорының студенттері өз қолдарымен әзірлеген тағам түрлері, қолөнер және зергерлік бұйымдар, ұлттық нақыштағы сөмкелер мен тоқымалы аяқкиімдер, сондай-ақ отандық баспалардың кітаптары қойылған кітап көрмесі ерекше қызығушылық тудырды.

Сонымен қатар, жәрмеңке аясында бейнелеу өнері бағыты бойынша студенттердің шығармашылық жұмыстары қойылған сурет көрмесі ұйымдастырылды. Табиғат аясында қылқаламмен көрініс бейнелеген жас суретшілер өз еңбектерінде күздің әсем бояуларын, университет аумағының көркін және туған елге деген сүйіспеншілікті көркем өрнекпен жеткізе білді. Бұл жұмыстар көрмеге келгендердің жоғары бағасына ие болды.

Мерекелік күннің көркін концерттік бағдарлама мен зияткерлік ойындар одан әрі жандандырды. Университеттің дарынды студенттері мен шығармашылық ұжымдары ән мен биден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, қатысушылардың білім мен тапқырлығын сынаған зияткерлік сайыстар ұйымдастырылып, үздік нәтиже көрсеткен белсенді қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Шараның ерекше бөлімі – ұлттық ойындарға арналған алаң болды. Мұнда студенттер мен оқытушылар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, қол күрес және қазақша күрес сияқты ұлттық спорт түрлерінен сынға түсіп, өз ептілігі мен күш-жігерін көрсетті.

Университет ұжымы мен студенттер арасындағы осындай мәдени және әлеуметтік бағыттағы іс-шаралар ҚазҰУ-дың көпжылдық дәстүрін сақтай отырып, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға зор үлес қосуда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жыл сайын өткізетін «Мерекелі күз» жәрмеңкесі – университет өміріндегі ең жарқын оқиғалардың бірі. Бұл шара студенттерге өз қабілеттерін танытуға, экологиялық өнімдерді насихаттауға, ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, игі бастама қоғамда қайырымдылық пен өзара қолдауды арттырып, ұжымдық бірлік пен мерекелік рухты нығайтады.