Scopus-та мақаласы жарияланған ғалымдар марапатталдыFarabi University

Scopus-та мақаласы жарияланған ғалымдар марапатталды

24 қазан, 2025

Республика күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы, Түлектер қауымдастығының төрағасы Қайрат Мәми Scopus базасында ғылыми мақалалары жарияланған жас ғалымдармен  кездесті.

Солардың ішінде Scopus базасында 28 мақаласы жарық көрген Маржан Сұлтанғазина, 14 мақаласы шыққан Саят Орынбасар, 13 мақаланың авторы Айнұр Қаппарова, 9 мақала авторы Алмат Ахметәлі, 8 мақаланың авторы Асхат Болатбек, 7 мақаланың авторы Ескендік Ашимов мен Саёра Ибраимова және т.б. жас зерттеушілер бар.

Іс-шара барысында Жансейіт Түймебаев университеттің ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалары жөнінде айтып, жас ғалымдарға қолдау көрсету ҚазҰУ-дың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ректор Scopus және Web of Science сияқты беделді базаларда жарияланған мақалалардың Қазақстан ғылымының халықаралық беделін арттырудағы маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар оқу ордасының басшысы жауапты мамандарға Scopus журналында мақалалары көптеп жарияланған докторанттарды университетке жұмысқа орналастыру туралы тапсырма берді.

Өз кезегінде Қайрат Мәми жас ғалымдарды жаңа идеялар мен зерттеу бағыттарын батыл дамытуға шақырып, университет Түлектер қауымдастығының әрдайым жас буынға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Жүздесуде магистранттар мен докторанттар «Фараби» медалімен және ректордың алғыс хатымен марапатталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі