Республика күні қарсаңында ҚазҰУ-дың екі ғалымы жаңа пәтер иесі атанды
Республика күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушылары Сымбат Сағындықова мен Айнұр Ермекбаева жаңа пәтердің иесі атанды. Баспана Алматы қаласынан берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында берілген пәтер сертификатын ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады.

Министр табыстау салтанатына қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің ғылым және жоғары білім жүйесінде жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамаларға тоқталды.

Сымбат Сағындықова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінде 2017 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Көптеген ғылыми мақалалар мен монографиялардың авторы. 2021-23 жылдар аралығында Аягөз археологиялық экспедициясының құрамында болып, 107 жаңа қорымды ашуға атсалысты. Биыл Зайсан археологиялық экспедициясының құрамында Зайсан қазаншұңқырында орналасқан ортағасырлық қалаларды зерттеуге қатысты. Нәтижесінде бұрын белгісіз болып келген түркі кезеңіне жататын үш қалашық ашылып, қазба жұмыстары жүргізілді.

Ал Айнұр Ермекбаева ҚазҰУ-дағы қызметін 2017 жылдан бастаған. Жас ғалым отандық этнографиялық ғылым мен Қазақстан музейтануының теориялық-әдіснамалық негіздерін жетілдіруге және олардың әрі қарай дамуына айтарлықтай өз үлесін қосып жүр. Ол бірнеше ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде жоғары индекстелген Scopus базасына енетін журналда ғылыми мақаласы жарық көрген. Жас ғалым ғылыми жоба қатысушысы, Италия Мәдени мұра министрлігі Қоғамдық институты стипендиясының иегері, сондай-ақ шетелдік ғылыми институттар мен университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өткен.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі