ТДМ-4: Студенттер «Жусан иісі» қойылымын тамашалады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физика-техниалық факультеті мен Биология және биотехнологиялар факультетінің студенттері 2025 жылдың 19 қазанында мәдени-рухани құндылықтарды арттыру және өнерге деген қызығушылықтарын кеңейту мақсатында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына арнайы барып, қазақ драматургиясының көрнекті туындысы – «Жусан иісі» қойылымын тамашалады.
«Жусан иісі» қойылымы — соғыс жылдарындағы қазақ ауылының тұрмысын, жетімдік пен сағыныштың ащы шындығын бейнелейтін терең мағыналы туынды. Бұл қойылым адамгершілік құндылықтардың, туған жер мен табиғаттың қадірін ұғындыруда ерекше орын алады.
Спектакль барысында студенттер режиссердің көркемдік шешімдері мен актерлердің шынайы ойынын тамашалап, олардың соғыс кезіндегі адамдардың жан күйзелісін, ауыл өмірінің ауыр да қастерлі сәттерін әсерлі жеткізе білген шеберлігін жоғары бағалады.
Қойылымның негізгі идеясы – жақынынан жырақта қалған балалардың жетімдік тағдыры мен соғыс салған жараны суреттеу арқылы адам рухының беріктігін, туған жердің иісіндей ыстық сағынышты сезіндіру. Бұл тақырыптар жастарға тарихты ұмытпау, бейбіт өмірдің қадірін түсіну және рухани төзімділікті бағалауға мүмкіндік береді.
Мұндай мәдени шаралар студенттердің рухани әлемін байытып, олардың адамгершілік, патриоттық сезімдерін арттырады. Университет ұйымдастырған бұл қойылым жастардың мәдени өресін көтеріп, олардың шығармашылық және тұлғалық дамуына зор әсер етті.
Студенттер «Жусан иісі» спектаклінен ерекше әсер алып, соғыс жылдарындағы ауыр тағдыр мен бала жүрегіндегі сағынышты терең сезінді. Бұл қойылым көрерменнің жүрегінде ұзақ сақталатын рухани тәрбие мен өмірлік ой қалдырды.

