Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Пенсильвания университетіндегі заң факультеті деканының орынбасары Стивен Барнспен кездесті.
Жүздесуде тараптар ҚазҰУ базасындағы заң факультетінде ортақ ғылыми-институтты құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың дайындығын пысықтады. Жансейіт Түймебаев құрметті қонаққа оқу ордасының соңғы жетістіктері туралы ақпарат берді. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ мен Пенсильвания университеті арасындағы әріптестік байланыс жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Қос білім ордасының ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді. ҚазҰУ тарапы институтқа қажетті аудиторияларда жаңарту жұмыстарын жүргізді. Келесі жылы білім алушы жастарды қабылдаймыз. Болашақта институтты үлкен ғылыми орталыққа айналдыруымыз қажет», - деді ректор.

Өз кезегінде Стивен Барнс ілтипат білдіргені үшін алғысын жеткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«ҚазҰУ базасында ашылып жатқан институт екіжақты серіктестіктің жемісі. Орталық Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық беделін арттыруға септігін тигізеді деп санаймын. Алдағы уақытта институтқа 30 профессор арнайы келіп, дәрісін өткізеді. Олар АҚШ, Канада, Ұлыбритания және т.б. мемлекеттерден келеді. Сонымен қатар олардың қатарында қазақстандық ғалымдар болады», - деді Стивен Барнс.

Кездесу соңында екі тарап арнайы жұмыс жоспарын бекітуге және жұмыс тобын құруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар