ТДМ-4: Студенттердің театрға мәдени сапарыFarabi University

ТДМ-4: Студенттердің театрға мәдени сапары

26 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика-математика факультеті мен Халықаралық қатынастар факультетінің студенттері мен оқытушылары 2025 жылдың 26 қазан күні мәдени-рухани құндылықтарды арттыру, өнерге деген қызығушылық пен эстетикалық талғамды қалыптастыру мақсатында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына барып, «Гамлет. Соңғы күндер» атты қойылымды тамашалады.

Шараның негізгі мақсаты – жастардың театр өнеріне деген қызығушылығын арттыру, ұлттық және әлемдік мәдени мұраларды сахна тілі арқылы терең түсінуге ықпал ету болды. Университет тарапынан ұйымдастырылған бұл мәдени сапар студенттердің рухани дамуына зор әсер етті.

Театр репертуарында қазақ және шетел драматургтерінің шығармалары бар, олардың барлығы жас көрерменге терең ой мен эстетикалық әсер сыйлауды көздейді. «Гамлет. Соңғы күндер» қойылымы – әлем әдебиетінің ұлы тұлғасы Уильям Шекспирдің атақты «Гамлет» трагедиясының жаңа режиссерлік интерпретациясы. Қойылымның режиссері – Дина Жұмабаева, ол классикалық туындыны заманауи сахналық шешіммен түрлендіріп, бүгінгі қоғамдағы адам мен ар-ождан, билік пен әділет, шындық пен жалғандық арасындағы мәңгілік тақырыптарды ерекше философиялық тұрғыда ашып көрсетеді.

Сахналық көрініс заманауи бейнелеу құралдарымен байытылған: қызыл кілем, кеңістікті символдық тұрғыдан бейнелейтін жарық пен көлеңке ойыны, динамикалық декорациялар мен бейне-проекциялар арқылы оқиғаға ерекше әсер беріледі. Бұл көркемдік шешімдер көрерменге Гамлеттің ішкі жан дүниесін, рухани арпалысын сезінуге мүмкіндік тудырады.

Қойылым актерлерінің шебер ойыны, терең философиялық мазмұн мен көркемдік тұтастық студенттердің ерекше ықыласына бөленді. Көрермендер спектакльден кейін режиссерлік шешім, кейіпкерлердің бейнесі және шығарманың қазіргі заманмен үндестігі туралы пікірлерімен бөлісіп, өз әсерлерін талқылады.

Осындай мәдени іс-шаралар жастардың ұлттық мәдениет пен өнерге деген құрметін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық ой-өрісін кеңейтеді. Бұл сапар студенттер үшін тек демалыс емес, рухани байлық пен мәдени танымның сабақтары болды.