Elsevier журналдарына толық қолжетімділік ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми ізденістерді күшейту және зерттеу нәтижелерінің сапасын арттыру мақсатында ScienceDirect платформасы арқылы Elsevier баспасының ғылыми журналдарына электронды қолжетімділікті іске қосты.
ScienceDirect – әлемдегі ең ірі ғылыми дерекқорлардың бірі. Оның көмегімен университет ғалымдары зерттеу мен жарияланым дайындау кезінде заманауи ғылыми дереккөздерді пайдаланып, оқу және әдістемелік материалдарын жетілдіре алады.
Енді ҚазҰУ оқытушы-профессорлары, зерттеушілері, докторанттары мен студенттері 2500-ден астам рецензияланған журнал және 18 миллионнан астам ғылыми мақала материалдарына еркін қол жеткізе алады. Бұл базада жаратылыстану, инженерия, медицина, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар сияқты түрлі бағыттар қамтылған. Сондай-ақ бұл мүмкіндік халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, ҚазҰУ зерттеушілері еңбектерінің дәйексөзін арттыруға ықпал етеді.
Соңғы бес жылда ҚазҰУ ғалымдары Scopus базасындағы жоғары рейтингті журналдарда 6524 ғылыми мақала жариялаған. 2024 жылы – 1584, ал 2025 жылдың өзінде 1387 мақала жарық көрді. Бұл көрсеткіштер университеттің ғылыми әлеуетінің өсіп келе жатқанын дәлелдейді.
Университет өкілдерінің айтуынша, ScienceDirect арқылы қолжетімділік жарияланым белсенділігін арттыруға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және ҚазҰУ-дың ғылыми беделін жаһандық деңгейде нығайтуға жаңа серпін береді.
Базаға кіру ҚазҰУ ішкі желісі арқылы (IP-мекенжайлар бойынша) немесе жеке есептік жазба арқылы қашықтан жүзеге асырылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар