Қытаймен бірлескен ЖИ жобалары іске асадыFarabi University

Қытаймен бірлескен ЖИ жобалары іске асады

29 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаровтың және халықаралық қатынастар факультетінің деканы Жұлдыз Сайрамбаеваның жетекшілігімен «Қытай – Орталық Азия: құқықтық мәдениет саласындағы алмасу және өзара оқыту» атты халықаралық конференцияға қатысты.

Үрімші қаласында өткен ауқымды іс-шараны Қытай саяси және құқық университеті ұйымдастырды.

 ҚазҰУ делегациясының сапары мазмұнды және нәтижелі болды. Сапар барысында Қытай саяси және құқық университетінің президенті Ма Хуайдемен кездесу өткізіліп, тараптар одан әрі ынтымақтастықтың болашағын және Жасанды интеллект және құқық үстемдігі орталығын бірлесе құрудың егжей-тегжейін талқылады.

Проректор Бақытжан Омаров конференцияның пленарлық отырысында құттықтау сөз сөйлеп, екі маңызды рәсімге қатысты:

   «Қытай – Орталық Азия» заң білім беру альянсын құру – аймақтағы академиялық алмасуды дамыту және құқықтық білім беру сапасын арттыруға бағытталған бастама;

       Жасанды интеллект және құқық үстемдігі орталығын ашу – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қытай саяси және құқық университетінің серіктестік жобасы.

Жаңа орталық бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, цифрлық технологиялар мен құқық саласындағы инновациялық тәсілдерді енгізуге, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай университеттері арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналады деп күтілуде. Бұл бастама ғылым, білім және заманауи технологияларды цифрландыру дәуірінде біріктіретін маңызды құрал ретінде қарастырылады.

ҚазҰУ делегациясының Үрімші қаласына сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім және мәдени байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Бұл сапар құқық, инновациялар және адами капиталды дамыту салаларындағы серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі