Қытай компьютерлік федерациясымен әріптестікті нығайтуFarabi University

Қытай компьютерлік федерациясымен әріптестікті нығайту

29 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жасанды интеллект және үлкен деректер кафедрасының меңгерушісі, PhD Мәдина Мансұрова компьютерлік технологиялар саласындағы Қазақстан-Қытай халықаралық ынтымақтастық форумында баяндама жасады.

China National Computer Congress (CNCC) – әлемдегі ең ірі және беделді ғылыми конференциялардың бірі. Биыл бұл ауқымды шара 140-тан астам секцияны қамтып, 12 мыңнан астам қатысушының басын қосты.

Іс-шараның ұйымдастырушысы – әлемдегі екінші ірі академиялық қауымдастық болып саналатын Қытай компьютерлік федерациясы (China Computer Federation, CCF). Федерация Қытай ғылым академиясы, Association for Computing Machinery (ACM), IEEE Computer Society сияқты жетекші ұйымдармен, сондай-ақ Huawei, Tencent, Alibaba және Lenovo секілді технологиялық алпауыттармен белсенді ынтымақтастық орнатқан.

2025 жылдың тамыз айынан бастап ҚазҰУ мен CCF арасындағы серіктестік белсенді дамуда. Ынтымақтастықтың бастауы кафедра ұйымдастырған үлкен тілдік модельдерге арналған бірлескен семинар болды. Бір ай ішінде университеттің 100-ден астам оқытушысы CCF мүшелігіне қабылданды. Мүшелік иелеріне федерацияның сандық кітапханасына қолжетімділік, IEEE мен ACM жазылымдарына жеңілдіктер және жетекші IT-компаниялармен серіктестік мүмкіндігі ұсынылады.

CCF білім мен индустрия арасындағы көпір рөлін атқарады. Өткен жылы федерация бастамаларының арқасында 250-ден астам студенттік стартап жалпы құны 15 миллион АҚШ долларынан асатын қаржылай қолдау алды.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚазҰУ базасында CCF-тің Қазақстан бөлімшесін ашу мәселесі талқыланды. Сонымен қатар университетте CCF мүшелік залы ашу туралы шешім расталды. Бұл жоба аясында академиялық және өнеркәсіптік ортадан келген әлемдік сарапшылардың қатысуымен ай сайын кездесулер өткізу жоспарланған.

Форум аясында доктор Мәдина Мансұрова негізгі баяндамашылардың бірі ретінде «Журналистикадағы жасанды интеллект көмекшісі: қазақстандық жаңалықтар редакциялары үшін үлкен тілдік модельдерді пайдалана отырып, редакциялық процестерді автоматтандыру» тақырыбында зерттеу нәтижелерін ұсынды.

ҚазҰУ ғалымы өз баяндамасында қазақ тіліндегі тілдік модельдерді әзірлеу мен қолданудағы соңғы жетістіктерді көрсетті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі