ҚазҰУ-да оқитын француз студенті Президентпен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқитын француз студенті Адриан Давус «Қазақстан – академиялық білім аймағы» форумы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, қазақ тілін үйреніп жүргенін айтты.
Адриан Давустың айтуынша, шетелдік студент болу – оңай іс емес. Өйткені тіл айырмашылығы, оқу жүйесі мен мәдени айырмашылықтар айтарлықтай қиындық тудырады. Соған қарамастан, ол Қазақстанда оқу мүмкіндігін жоғары бағалайтынын және осында алған тәжірибесі оның өмірінде үлкен рөл атқаратынын жеткізді.
«Мен Қазақстанда оқып жатқаныма қуаныштымын. Менің білім жолым басқа студенттерге де осындай мүмкіндік пен шабыт сыйлайды деп үміттенемін. Құрметті Президент, жастарға көрсетіп жатқан қолдауыңыз үшін көп рақмет айтамын», – деді Адриан Давус.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелдік студенттің қазақ тілін үйренуге деген ықыласына ризашылығын білдіріп, алдағы бастамаларына табыс тіледі.

Адриан Давус Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасы бойынша 4-курста оқиды. 2023-24 оқу жылында ол академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы ҚазҰУ-да білім алған. Бағдарлама аяқталғаннан кейін шетелдік студент ҚазҰУ-ға ауысуға шешім қабылдап, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап «Халықаралық қатынастар» мамандығының 3-курсына қабылданған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі