ҚазҰУ ғалымдары Stanford University нұсқасы бойынша әлемнің үздік зерттеушілерінің 2% қатарына кірдіFarabi University

ҚазҰУ ғалымдары Stanford University нұсқасы бойынша әлемнің үздік зерттеушілерінің 2% қатарына кірді

31 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары АҚШ-тың Stanford University университеті, Elsevier баспасы және Scopus мәліметтер базасы бірлесіп дайындаған World’s Top 2% Scientists – 2025 беделді әлемдік рейтингіне енді.

Аталған рейтингке түрлі ғылыми бағыттар бойынша 200 мыңнан астам зерттеуші кіреді. Тізім ғалымдардың халықаралық беделін айқындайтын библиометриялық көрсеткіштерге – Хирш индексі (h-index), дәйексөздер саны, ғылыми жарияланымдар көлемі және басқа да ғылыми белсенділікті сипаттайтын метрикаларға негізделген.

2025 жылғы тізімге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың келесі ғалымдары енді: – биология және биотехнология факультетінің профессоры Әлібек Ыдырыс, Денсаулық пен қоршаған ортаны зерттеу зертханасының директоры Денис Владимирович Винников және ҚазҰУ-мен бірлесіп жұмыс істейтін шетелдік ғалым Hernando Quevedo.

ҚазҰУ ғалымдарының беделді халықаралық рейтингке енуі – университеттің жоғары ғылыми әлеуетін, әлемдік ғылымның дамуына қосқан үлесін және жаһандық академиялық қоғамдастыққа табысты интеграцияланғанын дәлелдейді.

Рейтингке енген зерттеушілер университеттің жаратылыстану мен техникадан бастап экология, медицина, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарға дейін университеттің түрлі ғылыми мектептерін ұсынады. Олардың жетістіктері ҚазҰУ-дың Жоғары ғылыми әлеуетін көрсетеді және зерттеу университетінің даму стратегиясының тиімділігін дәлелдейді.

World’s Top 2% Scientists рейтингі жыл сайын жаңартылып, Stanford University ресми платформасында жарияланады.

Осы рейтинг негізінде TopSciNet (World’s Top 2% Scientists Network) халықаралық ғылыми қоғамдастық қалыптасып, ол әлемнің жетекші ғалымдарын білім мен тәжірибе алмасуға, ғылыми ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағыттайды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі