ҚазҰУ оқытушысы 2025 жылғы Президенттік жастар кадр резервіне енді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінің аға оқытушысы Камилла Әбділдина «Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» бағыты бойынша 2025 жылғы Президенттік жастар кадр резервіне қабылданды.
Камилла Әбділдина 29 жаста. Ол 1996 жылғы 21 сәуірде Жамбыл облысының Тараз қаласында дүниеге келген. №1 гимназияны «Алтын белгіге» бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін, ал «Мұнайхимия» бағыты бойынша техникалық ғылымдар магистрі дәрежесін Валенсия университетімен бірлескен бағдарлама аясында алған. 2017 жылы Президенттік стипендия иегері атанып, бұл жетістік оның академиялық мансабындағы маңызды қадам болды. Кейінірек Камилла осы салада – мұнайхимия бойынша PhD докторлық диссертациясын қорғады.

Әбділдинаның кәсіби жолы халықаралық тәжірибеге бай. Ол Испанияның Валенсия университетінде, Түркияның Гази университетінде және Ұлыбританияның Вестминстер университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. Бұл тәжірибе оның ғылыми әлеуетін арттырып, әдістемелік базасын кеңейтті. 2018 жылдан бастап Камилла Тұрақты даму орталығында жұмыс істеп, қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму бағытындағы жобаларды іске асыруға атсалысты. 2020 жылдан бері ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметін жалғастырып келеді.
Жас ғалымның еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланып, 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Камилла Әбділдинаға Алматы қаласынан тұрғын үй берілді. Ол – кәсіби жетістіктерімен қатар, төрт баланың анасы. Бұл жағдай оған мансап жолында жаңа белестерді бағындыруға ерекше жігер береді.
Президенттік жастар кадр резерві – инновацияны енгізуге, ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға және елдің стратегиялық дамуына үлес қосуға дайын талантты жас мамандарды іріктеу мен ілгерілету мақсатында қалыптастырылады. Камилла Әбділдинаның резервке енуі ҚазҰУ-дың жоғары дайындық деңгейі мен ғылыми-инновациялық әлеуетінің айғағы болып табылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар