Кәсіптік бағдар беру семинары өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы мектептерінің кәсіптік бағдар мамандарына арналған «AI-guided career: оқушыдан – маманға дейінгі жол» атты оқыту семинары өтті. Іс-шара университет пен қалалық білім басқармасының бірлесуімен ұйымдастырылды.
Цифрландыру мен жаңа мамандықтардың пайда болу жағдайында мектептердегі кәсіптік бағдар беру жүйесін жаңғырту өзекті мәселе болып отыр. Кәсіптік бағдар маманы оқушыларға жеке оқу және кәсіби даму траекториясын қалыптастыруға, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектеседі.
Мамандық таңдау бағытында біліктілікті арттыру, тәжірибе және тиімді әдістемелермен алмасу, сондай-ақ мектептер мен жетекші жоғары оқу орындарының өзара ынтымақтастығын нығайту семинардың негізгі мақсаты болды.

Семинардың ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева құттықтау сөз сөйледі. Ол қазіргі еңбек нарығының жылдам өзгеріп жатқан жағдайында кәсіптік бағдар мамандарының рөлі ерекше екенін атап өтті.«ҚазҰУ бұл бағытқа айрықша мән береді. Әр факультетте мектеп оқушыларын кәсіби ортаға бейімдеуге бағытталған түрлі іс-шаралар – олимпиадалар, байқаулар, конференциялар өтеді. Ең бастысы – оқушыларға өз жолын дұрыс табуға және таңдаған кәсібіне сүйіспеншілікпен қарауға көмектесу», – деді проректор.

Семинар барысында қатысушылар кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілдері және тәжірибелерімен танысты. Спикерлер ретінде ҚазҰУ Қабылдау кеңсесінің жетекшісі Айдар Жұмәлiпов «Кәсіптік бағдар беруді қолдауда қабылдау комиссиясының рөлі», Eduser және Ustaz Media платформаларының негізін қалаушы Айдос Жұманазар «Жасанды интеллект дәуіріндегі кәсіптік бағдар» және т.б. баяндамаларын ұсынды.

Іс-шара соңында «Кәсіптік бағдар: тәжірибе, сын-қатерлер және шешімдер» тақырыбы бойынша Q&A панелі өтті. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тәжірибе алмасып, жаңа ұсыныстар жасады.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі