Ядролық инженерия саласына басымдықFarabi University

Ядролық инженерия саласына басымдық

4 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Қытайдың Шанхай қаласындағы EXPO Center орталығында өткен кәсіби кадрлар алмасудың 23-ші халықаралық конференциясына қатысты.

Қытай Халық Республикасының Адам ресурстары және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігі ұйымдастырған ауқымды іс-шарада 30 елден 3500-ден астам шетелдік сарапшы мен ғалым, соның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосты.

ҚазҰУ делегациясы құрамында Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Есбол Өміржанов, физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен, ҚР ҰҒА академиктері Медеу Әбішев және профессор Қарлығаш Жұмағұлова болды.

Пленарлық отырыста ҚазҰУ ғалымдары «Қазақстан үшін шағын модульді реакторлар: мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» тақырыбында баяндама жасап, ядролық энергетиканы дамытудағы халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтті.

Бағдарлама аясында университет өкілдері Қытай Халық Республикасының Адам ресурстары және әлеуметтік қамтамасыз ету министрінің орынбасары Ю Цзядун, Харбин инженерлік университетінің вице-президенті Yu Zhiwen және басқа да жетекші сарапшылармен кездесті. Кездесулер барысында ядролық инженерия, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен зерттеулер мен кадр даярлау мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ ҚазҰУ делегациясы Хайнань аралындағы Чанцзян атом электр станциясында болып, Қытайдың ядролық энергетика саласындағы озық тәжірибесімен танысты. Бұл нысан  Қытайдың «жасыл энергияға» көшу стратегиясының басты элементтерінің бірі.

Іссапар қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Харбин инженерлік университеті арасында ядролық инженерия, инновациялық технологиялар және кадр даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Тараптар бірлескен ғылыми жобалар, студент алмасу бағдарламалары және цифрлық зертханалар құру жөнінде уағдаласты. Бұған қоса, ҚазҰУ мен қытайлық серіктестер шағын модульдік реакторлар, жасанды интеллект, суперкомпьютерлік зерттеулер және спутниктік технологиялар бойынша ортақ ғылыми консорциум құру бастамасын көтерді.

Бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық әріптестіктің жаңа кезеңін ашып, ҚазҰУ-дың халықаралық зерттеу кеңістігіндегі орнын одан әрі нығайта түсті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі