ҚазҰУ-да Сүйінбай Аронұлының он томдығы таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақтың ұлы ақыны, айтыс өнерінің дара тұлғасы Сүйінбай Аронұлының он томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.
Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығына арналған іс-шараның маңызына тоқталып, ақын мұрасын он томдыққа топтастырып, жүйелеп, зерттеу жұмыстарын ҚазҰУ-дың Жамбыл атындағы Филологиялық зерттеулер ғылыми орталығы іске асырғанын атап өтті.

Бұл жинақта Сүйінбай ақынның айтыстары, толғаулары мен арнау өлеңдері, жыр-дастандары топтастырылған. Сондай-ақ, ақын мұрасын саралауға арналған ғылыми зерттеулер қамтылған. Жинақтың ерекшелігі – тек шығармаларды жариялау ғана емес, сонымен қатар олардың тарихи, мәдени, поэтикалық мәнін ғылыми тұрғыда талдап, кешенді түрде көрсету.

«Бұл еңбек – әдебиеттанушылар мен жас зерттеушілер үшін ғана емес, жалпы оқырман үшін де баға жетпес рухани мұра. Болашақта Сүйінбай шығармаларын жаңа бағытта зерттеу жалғасатынына сенімдімін»,– деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектебінің академигі Қансейіт Әбдезұлы қазақстандық ғалымдардың күш-жігері мен жүйелі еңбегінің арқасында ел тарихында және халық жадында із қалдырған Өтеген, Қарасай, Сұраншы, Саурық эпостарының орындаушысы Сүйінбай Аронұлының шығармашылық мұрасын басып шығаруға қол жеткізілгенін атап өтті.

Тұсаукесерге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЮНЕСКО жанындағы мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері Нағашбек Қапалбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров,және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді.


Іс-шара Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония әртістерінің ақын шығармаларынан құралған концерттік бағдарламен аяқталды.









Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар