ТДМ №16: ҚазҰУ-да киберқауіпсіздік мәдениеті нығайтылдыFarabi University

ТДМ №16: ҚазҰУ-да киберқауіпсіздік мәдениеті нығайтылды

11 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінің Малахит залында интернет алаяқтықтың жаңа түрлері мен киберқауіпсіздік мәселелеріне арналған ақпараттық кездесу өтті. Іс-шараға Алматы қаласы Полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес басқармасы өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар ғылым және білім саласындағы киберқауіпсіздік, онлайн қауіптер мен алаяқтық схемалардың алдын алу, ақпараттық қауіп-қатерлерді тіркеу және талдау тәсілдері, сондай-ақ университет пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту тақырыптарын талқылады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – университет оқытушылары мен қызметкерлерінің цифрлық қауіпсіздік мәдениетін арттыру, интернет алаяқтықтан қорғанудың тиімді жолдарын түсіндіру және сандық кеңістікте қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыру болды.

Кездесу барысында киберқауіпсіздік саласының мамандары нақты мысалдар келтіре отырып, желідегі жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақтану, фишингтік шабуылдардың белгілерін тану сынды өзекті мәселелерге тоқталды.

Мұндай ақпараттық шаралар университет қауымдастығының цифрлық сауаттылығын арттыруға, интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыруға, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен серіктестік байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.