Фараби бизнес мектебі білім көрмесіне қатысты
Farabi International Business School (FIBS) Бейжің қаласында өткен China Education Expo (CEE) халықаралық білім көрмесіне қатысты. Бұл шара бизнес-мектепке MBA, EMBA және DBA сияқты жетекші бағдарламаларын кеңінен таныстыруға, сондай-ақ FIBS-тің халықаралық академиялық беделін нығайтуға мүмкіндік берді.
Көрме қатысушылары мен келушілер Қазақстанда білім алуға айрықша қызығушылық танытты. Шетелдік аудиторияның назарында Қазақстанның бизнес-біліміне деген сенім мен сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
Сапар барысында Бейжіңде екі маңызды кездесу өтті. Алғашқысы Қытайдың беделді жеке зерттеу бизнес-мектебі – Cheung Kong Graduate School of Business (CKGSB) өкілдерімен ұйымдастырылды. CKGSB әлемге әйгілі профессорлар құрамымен және жетекші компаниялардың басшыларын біріктіретін түлектер желісімен танымал. Келіссөз нәтижесінде тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын анықтады. Атап айтқанда: MBA, EMBA және DBA тыңдаушылары үшін академиялық және басқарушылық тағылымдамалар ұйымдастыру, оқытушылар алмасу, бірлескен бизнес-жобаларды іске асыру, инновациялар мен цифрлық даму бойынша бірлескен оқу модульдерін әзірлеу және қосдипломдық бағдарламаларды дамыту мәселелері талқыланды.

Екінші кездесу Beijing Open University (BJOU) өкілдерімен өтті. Бұл Қытайдағы ашық және қашықтан білім беру саласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Тараптар қол қойған меморандум MBA және DBA бағдарламалары аясында онлайн және гибридті оқыту модульдерін дамытуға, оқытушылар алмасуға, бірлескен шеберлік сабақтары мен оқу сапарларын өткізуге, сондай-ақ цифрландыру мен инновациялық басқару саласында зерттеулер жүргізуге бағытталған.
Жасалған келісімдер FIBS-тің интернационалдандыру стратегиясын одан әрі нығайтып, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, шетелдік студенттер санын арттыруға және білім беру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. CKGSB және BJOU университеттерімен орнаған серіктестік қазақстандық бизнес-білімді жаһандық білім кеңістігімен ықпалдастыру жолында маңызды қадам болып табылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар